Рыбакина Париж Олимпиадасында неге ойнамайтынын түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Париж Олимпиадасында неге ойнамайтынын түсіндірді.

рыбакина
Фото: ҚТФ

Е. Рыбакина қазақстандықтарға Париж Олимпиадасына қатыса алмайтынын өкінішпен хабарлады.

«Уимблдон турнирінен кейін жедел бронхитпен ауырдым. Жаттығуға оралуға әрекеттенсем де, менің ағзам толықтай қалпына келген жоқ. Дәрігерлер кортқа шығуыма қатаң тыйым салды. Париж Олимпиадасында біздің құрама үшін өнер көрсетіп, ел үмітін ақтай алмайтыным өте өкінішті. Токиода медальға қол созым жерде болдым. Парижде Қазақстан үшін алтын алуға мұқият дайындалдым. Өкінішке қарай, ауру бұл жоспардың орындалуына мүмкіндік бермеді. Барлық қазақстандық спортшыларға Парижде сәттілік пен табыс тілеймін. Мен біздің барлық атлеттерімізге жанкүйер боламын, олардың Олимпиадада ел намысын абыроймен қорғайтынына сенемін. Алға, Қазақстан!» - деді Е. Рыбакина.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Олимпиада ойындарына қатыспау жөнінде шешім қабылдағанын жазған болатынбыз.

Дәрігерлер Елена Рыбакинаның кортқа шығуына тыйым салған. 

Соңғы жаңалықтар