Елена Рыбакина Штутгарт турнирінде үздік нәтижесін қайталай ала ма

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы 13-19 сәуірде өтетін Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінде бақ сынайды. Қазақстандық теннисші аталмыш жарыста 1-ракетка болып тіркелген.

Елена Рыбакина
Фото: ҚТФ

Елена Рыбакина екінші айналымда әлемнің 19-ракеткасы, ресейлік Диана Шнайдер немесе рейтингіде 109-орындағы германиялық Тамара Корпачтың қай жеңгенімен кездеседі. 
Доданың жалпы жүлде қоры 1 млн доллардан асады. Турнир жеңімпазы сондай-ақ Porsche 911 Carrera S автомобилін сыйақы ретінде алады.

Е.Рыбакинаның 2024 жылы Штутгартта үздік шыққаны белгілі. Ал өткен жылы Қазақстан құрамасы сапында ойнауына байланысты чемпиондық атағын қорғай алмаған болатын. Биыл қазақстандық теннисші әлемнің 1-ракеткасы атануды басты мақсат етіп отыр.

2025 жылы мұнда финалда әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы 6:4, 6:1 есебімен жеңген латвиялық Елена Остапенко жеңімпаз атанған еді. 

Биыл А.Соболенко Штутгарт жарысына қатысудан бас тартты. Сондықтан Е.Рыбакина сәтті өнер көрсетсе, екеуінің арасындағы ұпай айырмашылығын қысқарта алады. Қазіргі кезде А.Соболенконың 11 025, Е.Рыбакинаның 8 108 ұпайы бар. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Қазақстан құрамасының финалдық кезеңге жолдама алғанын жазған болатынбыз.