Елена Рыбакина Торонто турниріндегі тартысты матчта жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Торонто (Канада) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты.
Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші әлемдік рейтингіде 61-орындағы аустралиялық Дарья Касаткинамен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін өзара бес рет кездесіп, соның үшеуінде Рыбакина жеңген еді.
Уимблдоннан кейін үзіліс алған қазақстандық спортшы бұл жолы бірінші партияда 3:0 есебімен алға кетіп, сол басымдылығын сақтап қалды — 6:3.
Екінші сетті теннисшілер брейк алмасумен бастады. Бұдан кейін аустралиялық спортшы 4:2 есебімен алға кеткенімен, Елена таразы басын теңестіре алды — 4:4. Алайда жиі қателескен Рыбакина сетті беріп қойды — 5:7.
Үшінші, шешуші партияда Елена Рыбакина 3:1 есебімен алға шықты. Ақыры бәсекені жеңіспен түйіндеді — 6:4.
Екі сағат 32 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 15 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Касаткина 3 эйс, 3 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакинаның допты ойынға қосқанда 16 рет қосарлы қателікке жол бергені алаңдатады.
Қазақстандық теннисші төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 31-ракеткасы, америкалық Энн Лимен таласады.
Еске салайық, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Испаниядағы турнирде топ жарғанын жазған едік.
Сондай-ақ Соня Жиенбаева Испаниядағы турнирде қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді.