Елена Рыбакина жылдың қорытынды турнирін ұта ала ма

АСТАНА. KAZINFORM — 1 қараша күні Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) жылдың ең үздік сегіз теннисшісі қатысатын WTA қорытынды турнирі басталады.

Рыбакина
Фото: ҚТФ

Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина қазір бабында.

Биылғы АҚШ ашық чемпионатынан кейін қазақстандық теннисші 11 матчтың тоғызын жеңіспен аяқтады. Токио WTA 500 турнирінің жартылай финалдық бәсекесін ол арқасындағы жарақатына байланысты өткізе алмады. Дегенмен күні бүгін қалпына келді.

2025 жылы Рыбакина Страсбург және Нинбо WTA 500 турнирлерінде жеңімпаз атанды. Бұл оған үздіктер қатарына қосылуға мүмкіндік берді.

Е.Рыбакина қорытынды жарысқа осымен үшінші рет қатысқалы отыр. 2023 және 2024 жылдары ол плей-офф кезеңіне шыға алмағанымен, жоғары ойын өрнегін көрсете білді. Теннисші енді беделі жөнінен тек «Үлкен дулыға» додаларына жол беретін финалдық кезеңде титулға қол жеткізу үшін барын салмақ.

Серена Уильямстың тобына түскен Елена Рыбакина сенбі күні алғашқы ойынын әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Аманда Анисимовамен өткізеді. Бұл бәсеке тартысты болғалы тұр. Қос теннисші де допты жақсы береді әрі батыл ойнағанды жақсы көреді.

Рыбакина мен Анисимова 2017 жылы бір-ақ рет кездескен. Жасөспірімдер арасында Франция ашық чемпионатында Елена 7:6 (9:7), 6:4 есебімен жеңіске жеткен. С.Уильямс тобында Рыбакина мен Анисимовадан басқа әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек пен рейтингіде 7-орындағы америкалық Мэдисон Киз бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның WTA қорытынды турниріндегі қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Александр Бублик алғаш рет Париж мастерс турнирінің ширек финалына өтті.

Соңғы жаңалықтар