Елге келушілер саны артты: ең көп адам қоныстанған өңірлер белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанға тұрақты тұру үшін 16,1 мың адам қоныс аударды. Бұл — елден көшіп кеткендердің санынан әлдеқайда көп, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
Ведомство мәліметінше, осы кезеңде 5,9 мың адам елден кеткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 41,4%-ға аз. Нәтижесінде көші-қон балансы оң қалыпта — 10,2 мың адам.
Көші-қонның негізгі бөлігі ТМД елдерімен жүреді: келгендердің 82,7%, ал кеткендердің 73,2% — осы елдердің азаматтары. Ал басқа мемлекеттердің ішінде Қазақстанға көбіне Қытай, Моңғолия және Түркия азаматтары көшіп келеді.
Келушілердің көбі Алматы облысына (4,4 мың адам), Алматы қаласына (2,6 мың), Маңғыстау облысына (2,3 мың) және Астанаға (1 мың) тұрақтаған.
Ел ішінде қоныс аударушылар саны да артқан — өткен жылмен салыстырғанда 22,8%-ға көп. Өңіраралық көші-қон бойынша ең көп адам келген өңірлер:
-
Астана – 67,2 мың адам
-
Алматы – 27,8 мың адам
-
Шымкент – 13 мың адам
-
Алматы облысы – 8 мың адам
Бұдан бұрын Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының нақты санын атады.