Ел халқы этнотуризмге көп көңіл бөле бастады — Нысанбаев
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 3,7 млн адам барды. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.
— Экотуризмді дамыту — Министрлік жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Азаматтар мен туристердің еліміздің табиғи аумақтарына қызығушылығы артып келеді. Егер 2024 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 2,8 млн адам келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,7 млн адамды құрады. Өсім шамамен 900 мың келушіні құрады. Бұл халықтың табиғат аясындағы демалысты, жаяу маршруттарды және этнотуризмді жиі таңдай бастағанын көрсетеді. Негізгі әлеует ұлттық парктерде шоғырланған. Бүгінде олардың аумағында 179 туристік маршрут және 42 экологиялық соқпақ жұмыс істейді, — деді Е. Нысанбаев.
Осы орайда ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамаға өзгерістер енгізілгенін еске салды. Аталған аумақтардың жерлерін, туристік объектілерге инженерлік инфрақұрылымды жобалау, салу және қызмет көрсету үшін оларды босалқы жерлерге ауыстырмай, беруге мүмкіндік жасайтын норма қолданысқа енгізілді.
— Биыл ақпан айында учаскелерді ұзақ мерзімді пайдалануға беруге арналған үлгілік шарт бекітілді. Министрлік қарамағындағы барлық 13 ұлттық парк бойынша халықаралық тәжірибені ескере отырып, экотуризмді дамыту тұжырымдамалары әзірленіп, бас жоспарлар бекітілді. Бірқатар парк бойынша құжаттар жаңа инвестициялық жобаларды ескере отырып түзетілген. Туристерге қолайлы жағдай жасау және жұмыстың ашықтығын арттыру үшін саланы цифрландыру жүргізіліп жатыр. Өз қаражаты есебінен 6 ұлттық паркте 14 бақылау-өткізу пункті автоматтандырылды. Тағы 11 пункт бойынша жұмыс осы жылы жалғасады. Олардың жұмысына мониторинг пен бақылау ұлттық парктердің бас кеңселерінде жүзеге асырылады және Орман шаруашылығы комитетінде қайталанады, — деді министр.
Сонымен бірге, барлық ұлттық парктер банк сервистері арқылы онлайн төлемге қосылған.
Бұған дейін туризм саласында 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын жазған едік.