Елімізде апатты мектептер жойылады

Еліміздің мектептерінде әлі күнге дейін оқушы орындарының тапшылығы мәселесі шешілмей келеді. Білім және ғылым министрлігі хабарлағандай, қазір республика бойынша тапшылық көлемі 70 982 орынды құрайды. Білім және ғылым министрінің орынбасары Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, ағымдағы жылдың 1-ші қазанына дейін іс жүзінде 60 мектеп пайдалануға берілген. Ендігі қалғаны - 180 апатты және 104 үш ауысыммен оқытатын мектептер.
«Бұл мәселені толығымен шешуге қаржы қолбайлау болып келген-ді. Сондықтан Елбасының жаңа Жолдауында 70 млрд. теңге бөлінетіні туралы айтылуы бізді қатты қуантты. Енді аталған қаражат апатты мектептер мен үш ауысыммен оқытатын білім «ұяларының» мәселесін шешуге жұмсалады. 2014 жылдың соңына дейін тағы 30 мектеп салынады. Оның 15-і - апатты мектептердің орнына бой көтерсе, 15-і - үш ауысымдық білім беру мәселесін шешеді», - деді Есенғазы Иманғалиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Білім және ғылым министрлігінің болжамына қарағанда, жоғарыдағы 30 мектеп жыл соңына дейін бой көтерсе, Қазақстанда барлығы 135 апатты, 85 үш ауысыммен оқытатын мектептер ғана қалады. Жаңадан салынады деп жоспарланған мектептер саны - 284. Демек, Білім және ғылым министрінің орынбасары айтқандай, білім берудегі екі негізгі мәселе 2017 жылы толығымен шешіледі. Әзірше аталған министрлік хабарлағандай, мектептегі орын тапшылығы жөнінен Оңтүстік Қазақстан облысы көш басында тұр. Халқы тығыз қоныстанған ОҚО-да осындай 78 мектеп бар. Екінші орында - Алматы облысы (21), үшінші - Шығыс Қазақстан облысы (18), төртінші - Алматы қаласы (17), бесінші - Астана қаласы (16), алтыншы - Ақмола облысы (14), жетінші - Маңғыстау облысы (12) орналасқан. Ведомство жүргізген монитринг бойынша, бұл мәселені толыққанды шешу үшін 149 мектеп салынуы керек.
Елбасы әр Жолдауында бұл жұмысты жергілікті әкімдер мемлекеттің және жекеменшік сектордың қолдауымен жүзеге асыру қажеттігін тапсырады. Ал әкімдер тапсырманы сапалы орындай алып жүр ме? Атап айтарлығы, мектептерде оқушы орындарының тапшылығы жоқ және балалар үш ауысыммен оқымайтын облыстар да бар екен. Бұған Қарағанды облысы мысал бола алады. Үш ауысыммен оқыту деген бұл облыста жоқ. 539 мектептің үшеуі ғана апаттық жағдайда, алайда оларды көшіретін жаңа үш мектеп салынуда. Қазіргі таңда облыс аумағында 192 балабақша, 312 шағын орталық жұмыс істейді. Атап айтарлығы, мектепке дейінгі білім берумен 1-6 жастағы балалар - 87,2 пайыз, 3-6 жастағы балалар - 98,3 пайыз қамтылған.
Енді басқа облыстардағы жағдайға келейік. Облыс әкімдерінің берген мәліметтерін салыстырып қарасақ, бұл жұмысқа олар бар ықыласымен, қабілетімен кіріскенін көреміз. Мысалы, министрліктің тізіміндегі екінші тұрған Алматы облысында биыл жаңадан салынған 11 мектеп пайдалануға беріліпті, жыл соңына дейін тағы 4-уі іске қосылады. Сонда оқушы орындары тапшы бар-жоғы 4-ақ мектеп қалады. Ал, облыста 2015 жылы тағы 18 мектеп құрылысы жүргізілетінін ескерсек, тапшылық мәселесі толық жойылатынын көреміз. Шығыс Қазақстан облысында да мектептер құрылысы қарқын алған. Орын тапшылығы байқалған 18 мектеп болса, 2014 жылдың аяғына дейін 24 мектеп бой көтермек. Маңғыстау облысындағы жағдай да осыған ұқсас. Ағымдағы жылдың 14 қарашасында Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыс әкімі Алик Айдарбаев мәлімдегендей, биыл білім беру нысандарын салуға 5 977,2 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде 2 384,1 млн-ы - республикалық, 3 593,1 млн-ы - жергілікті бюджеттің қаражаты. Биыл пайдалануға беруге жоспарланған 22 нысанның (9 - орта мектеп, 13 - мектепке дейінгі балалар ұйымы) 8-інің құрылысы аяқталған. Оның төртеуі - мектеп, төртеуі - балабақша. Облыста әрқайсысы 2710 орындық тағы 5 мектеп салынуда. Демек, 2015 жылдың өзінде-ақ Маңғыстауда апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептер болмайды деген сөз.
Әмірлан Әлімжан