Елімізде баламалы энергия көздерін енгізуде қандай кедергілер бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық Жасыл технологиялар мен Инвестициялық жобалар орталығы Қазақстанда баламалы энергия көздерін (БЭК) енгізу процестерін қалай жүргізгелі жатыр? Жалпы, орталықтың бұл бағыттағы жоспары қандай? Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне аталған Орталық басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның баламалы энергетикасы қауымдастығының директоры Арман Қашқынбеков айтып берді.

Елімізде баламалы энергия көздерін енгізуде қандай кедергілер бар

Қауымдастық директорының айтуынша, шетелдік ірі инвесторлар Қазақстанда жел және күн энергиясы бойынша ірі жобаларды қаржыландырып жатыр. Бірақ, шетелдік компаниялардың өздерінің басымдықтары мен бекітілген тасымалдаушылар бойынша жоспарлары бар. Яғни, жоспарсыз инвесторлар жобаларын жүзеге асырмайды.

«Баламалы энергия көздерін өндіруші шетелдік ірі компаниялардың қатарына біздің компанияларды енгізу қиынның қиыны десе де болады. Ұлттық инвесторлар туралы айтар болсақ, мұнда екі ірі ұлттық компания алға шығып отыр. Олар «Самұрық-энерго» мен «Самұрық Қазына Инвест». Осы екі компания батыстағы серіктестерін тартып, энергияның баламалы көздері бойынша пилоттық жобаларды енгізуде», - дейді Арман Қашқынбеков.

Оның айтуы бойынша, ұлттық компаниялармен бірге бұл салаға мұнай-газ алпауыттары да, ең алдымен Қашағанда, Қарашығанақ пен Теңізде бірнеше жыл жұмыс жүргізіп жатқан шетелдік ірі компаниялар да қызығушылық таныта бастаған. Мұндай ірі компаниялар бүкіл әлем бойынша өзінің энергетикалық портфелін әртараптандырып жатыр. Әлбетте, Қазақстанда бұдан шет қалмақ емес.

«Бизнесмендер бұл салаға қазірдің өзіне араласып кеткен. Себебі, БЭК-тің шағын аукциондарына негізінен шағын және орта бизнес қатысуда. Ауқымын бұдан ары кеңейту үшін саланы инвестициялық тұрғыда тартымды ете түсетін шарттар керек. Бұл талаптардың қатарына Қазақстандағы шағын шаруашылықтардың генерациясын қолдау, құрылыс кезінде қазақстандық компанияларға басымдық беруді, сервис, кадрларды әзірлеуді жатқызуға болады. Біздің ойымызша, бір құжатқа біріктірілуі тиіс маңызды шарттар жетерлік. Нақты іс-әрекеттер тарау-тараумен көрсететіндей дәрежеге жетізу үшін - заңнамалық өзгерістер керек», - дейді сарапшы. 

Міне, сондықтан барлығы да халықаралық қаржылық институттарға өтініш беруге мәжбүр. Сарапшының айтуынша, көптеген елдерде құжат «БЭК саласын дамытудың Ұлттық бағдарламасы» деп аталады.

«Америка мен Германиядағыдай жеке шаруашылықтар үшін жеңілдіктер керек. Егер белгілі бір адам БЭК-ті өз үйіне қойғысы келсе, ол артық энергияны сату мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Әлбетте, қазіргі таңда артық энергияны сатуға ешкім тыйым салып отырған жоқ. Алайда бүкіл Қазақстанда мұндай жағдай ілуде бір кездеседі. Үйге күн панельдері мен гелиоколлекторларды қою қазіргі таңда өте қымбат екенін түсіну керек. Бұл БЭК-тің шағын генерациясына қатысты шаруа. Үлкен жобалар бойынша жеңілдіктер баршылық», - дейді А.Қашқынбеков.

Сарапшы сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстандағы бүкіл энергия өндірісінің бір пайызы ғана БЭК-ке тиесілі екенін, 2020 жылға дейін ол көлем 3 пайызды, 2030 жылы 10 пайызды, 2050 жылы 50 пайызға дейін жететінін атап өтті.

«Мұның бәрі бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы бекіткен Жасыл экономикаға ауысу тұжырымында жазылған. Қазіргі таңда тұжырымдаманы сандар тұрғысынан алғанда ұстап тұруға мүмкіндік алып отырмыз», - дейді ол.

Спикер сонымен бірге, Қазақстанда баламалы энергия көздерін өндірістерге, күнделікті тұрмыста енгізуде қандай кедергілер кездесуі мүмкін екенін айтып берді.

«Екі тәуекел бар - бұл алдағы заңнаманың өзгеру ықтималдылығы (ол тұрақты әрі ұзақ мерзімді болуы керек) мен долларға қатысты теңгенің бағамы. Ол салаға айтарлықтай ықпалын тигізеді. Себебі, біз құрылғыларды шетелдік өндірушілерден нақты валютамен сатып аламыз. Ал сіз мемлекеттен алған тариф теңгемен есептеледі. Индексация жүйесі бар. Бірақ ол тек 2 жылдан кейін күшіне енеді», - дейді сарапшы.