Елімізде саяси партияны тіркеу талаптары жеңілдеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда саяси партия құрып, оны тіркеу процесі жеңілдеді. ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде саяси партияны тіркеу талаптары жеңілдеді

«Саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар өзгереді. Ендігі уақытта саяси партияны тіркеу үшін 20 мың емес, 5 мың мүше жеткілікті. Ал өңірлік өкілдіктерінің саны 600-ден 200 адамға дейін азайтылды. Сол сияқты саяси партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең азы 1 мыңнан 700 адамға дейін төмендетілді. Одан бөлек, партия құру жөніндегі құрылтай съезін өткізу мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұлғайту бойынша түзету көзделген»,- деді Алма Мұқанова ОКҚ-де өткен брифингте.

Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, жер және оның ресурстарын халық меншігіне белгілеуде Конституцияның 6-бабына нақтылайтын түзетулер енгізілді.

«Келесі заңнамалық өзгеріс бұл судьялық лауазымдарға конкурстық рәсімдерді онлайн-трансляциялауды енгізуге қатысты. Сол сияқты норма шығару процесін жеңілдетуге және нормаларды реттеу деңгейлерін нақтылауға, мәслихат төрағасы лауазымын енгізуге бағытталған жекелеген түзетулер қарастырылды», - дейді ол.

Бұған дейін ҚР Парламенті мен Үкіметінің өкілеттігіне қатысты заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілгенін хабарлаған едік.