Елімізде жол жүрісі қауіпсіздігінің аудит институты енгізіледі

«Заң жобасының басты жаңалықтарының бірі - жол-көлік оқиғаларының орын алу тәуекелін тудыратын ақауларды ерте анықтау мақсатында жолдар мен автокөліктердің технологиялық дайындығын қадағалау. Осыған орай, дайындық сараптамасын өткізетін жол жүрісі қауіпсіздігінің аудиті институтын енгізу қарастырылуда. Аудит институты негізінен дер уақытында өзгерістер енгізу үшін жобалау кезеңінде немесе құрылыстың бастапқы кезеңдерінде жолдың техникалық жобасындағы қауіпсіздік қаупін анықтауға мүмкіндік береді. Ал сараптама барысында ұсынылатын жаңа немесе жаңартылған жол ашылғаннан кейін оны пайдалану деңгейі бағаланады», - дейді министрдің орынбасары.
Е. Кененбаевтың айтуынша, аудит институтын енгізу қауіпсіздікті арттыруға қатысты шығындарды едәуір үнемдеуге септігін тигізеді. Өйткені, ондағы тәжірибелер жол салу аяқталғаннан кейін емес, жол құрылысы барысында ескерілетін болады. Бұндай институттың тиімділігі әлемдік тәжірибелерде де байқалған. «Жалпы әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жол салынып, ол қолданысқа берілгеннен кейін бір нәрсені өзгертуден гөрі оның кемшіліктерін жобалау немесе құрылысын салу кезеңінде жоюдың едәуір арзан болатынын айғақтайды», - дейді Е. Кененбаев.