Елімізге ресми сапармен Литва Президенті келе жатыр
ТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 5-8 қазан аралығында Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Литва Президенті Даля Грибаускайте ресми сапармен болады. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Литва басшысы сапарының бағдарламасына сәйкес, Мемлекет басшыларының келіссөздері жоспарланған. Сонымен қатар осы сапарда бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Даля Грибаускайте ханым сондай-ақ Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен және Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановпен кездеседі. Бұған қоса екі елдің іскер топтарының қатысуымен Қазақстан-Литва Іскерлік кеңесін өткізу де жоспарда бар.
«Қазіргі таңда мемлекеттер арасында екіжақты тауар айналымының көрсеткіштері жақсы жетіліп келеді. 2010 жылы ол 146,5 миллион АҚШ долларын құраса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 163,8 миллион долларға жетті. Қазақстан мен Литва арасын дәстүрлі достастық және екіжақты тиімді ынтымақтастық қатынастар байланыстырып отыр. Конструктивті диалог пен жедел келісімдердің маңызды нәтижесі Литва Президентінің Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитіне қатысуы болды. Осы ретте Литваның ЕҚЫҰ-ға төраға екендігін атап өту керек. Сонымен қатар аталмыш ел Еуропалық Одақ, НАТО сияқты ұйымдар мен еуропалық парламент және өзге де еуропалық институттардың маңызды мүшесі болып табылады»,-деді ресми өкіл.
Сондай-ақ оның сөзінше, Қазақстандағылар Литва Президентінің осы сапары екіжақты саяси диалог пен сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты жетілдіріп, қазақстандық-еуропалық әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп үміт артып отыр.