Елімізде адамдарды есірткі бизнесіне жұмысқа алудың халықаралық желісі әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ішкі істер министрлігі бірнеше мемлекетті қамтыған ауқымды арнайы операция барысында азаматтарды есірткі бизнесіне тартумен айналысқан халықаралық қылмыстық желінің жолын кесті. Операция бір жылдан астам уақытқа созылып, Украина мен Албанияның құқық қорғау органдары, Қазақстан және Украина прокуратуралары, Интерпол және АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасымен бірлесіп жүргізілген.

Елімізде адамдарды есірткі бизнесіне жұмысқа алудың халықаралық желісі әшкереленді
Фото: Polisia.kz

Қылмыстық топ адамдарды заңды жұмысқа орналастыруды сылтау етіп, call-орталық операторлары, HR-менеджерлер, химиктер, курьерлер, есірткі жасырушылар, логистер мен қойма қызметкерлерін жалдаған. Оларға оңай әрі жоғары табыс уәде етілгенімен, іс жүзінде халықаралық есірткі бизнесіне тартқан.

ІІМ мәліметінше, қылмыстық құрылымдағы рөлдер қатаң бөлінген. Ұйымды көршілес елдің 36 жастағы азаматы басқарған.

— Тартымды көрінетін бос жұмыс орындарының артында адамды есірткі бизнесіне тарту тұрған. Ал адам бұл іске кіргеннен кейін одан шығуға мүмкіндік бермеген, — деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Тергеу барысында Украинада адамдарды заңсыз әрекетке тартумен айналысқан call-орталықтарда 26 тінту жүргізіліп, төрт мыңға жуық цифрлық айғақ тәркіленді. Оларды талдау нәтижесінде Telegram желісіндегі 31 есірткі дүкені, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар және оған тартылған жүздеген адам анықталды.

Мамыр айында Киев пен Киев облысында Қазақстан ІІМ өкілдерінің қатысуымен 70 тінту жүргізілді. Нәтижесінде адамдарды қылмысқа тартқан call-орталықтардың жұмысы тоқтатылып, қылмыстық қоғамдастықтың 27 белсенді мүшесі анықталды.

Шілде айында Қазақстан аумағында украиналық құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен тағы 15 тінту жүргізілді. Оның барысында елімізде есірткі сатуға қатысы бар желі мүшелері ұсталды.

Операцияның қорытынды кезеңінде Украинаның бес облысы мен Киев қаласында тағы 35 тінту жүргізілді. Халықаралық желінің азаматтарды қылмысқа тартумен айналысқан екі буыны жойылды.

Арнайы операция барысында синтетикалық есірткі бар 24 келі қоспа, 3,5 мыңнан астам қолдан жасалған шылым және дайын күйінде өлшеп салынған екі мыңға жуық пакет тәркіленді. Жеті адам ұсталып, қылмыстық схемаға қатысқан тоғыз адамға айып тағылды.

ІІМ өкілінің айтуынша, тәркіленген заттардың өзі мыңдаған есірткі дозасының таралуына жол бермеген.

Құқық қорғау органдары халықаралық желіні ұйымдастырушылар мен оған қатысы бар барлық адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

ІІМ азаматтарды интернеттегі «оңай әрі жоғары табыс» туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеуге үндеді. Ведомствоның ескертуінше, тартымды болып көрінетін бос жұмыс орындарының артында халықаралық есірткі желісі тұруы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін елімізде жыл басынан бері 17 есірткі зертханасы анықталғанын хабарлаған едік.