Елімізде әлеуметтік төлемдер мен денсаулық сақтау тақырыбында фейктер жиі таралады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жалған ақпарат көбіне әлеуметтік төлемдер, денсаулық сақтау, қаржы және қауіпсіздік тақырыптарында таралады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының басшысы Руслан Бекарсланов «САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» сарапшылық алаңында айтты.
Спикердің айтуынша, фейк таратушылар халықтың назарын көп аударатын тақырыптарды пайдаланады.
– Ең көп бұрмаланатын тақырыптардың қатарында әлеуметтік төлемдер, денсаулық сақтау, қаржы және қауіпсіздік бар. Сәйкесінше, осы салаларға жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Энергетика министрлігі жалған ақпараттың нысанасына жиі айналады. Өйткені дәл осы мәселелер қоғам үшін маңызды. Сондықтан жалған ақпарат таратушылар да адамдардың эмоциясына әсер ететін осындай тақырыптарды қолданады, – деді орталық басшысы.
Оның айтуынша, мұндай жалған ақпарат мәтіндік хабарлама түрінде ғана емес, жасанды интеллект көмегімен дайындалған дипфейктер, қолдан жасалған дауыстық хабарламалар және мессенджерлер арқылы таралатын аудиожазбалар түрінде де кездеседі.
Руслан Бекарсланов мұндай жағдайда ресми ақпаратты уақытылы жариялау шешуші рөл атқаратынын айтты.
– Әр мемлекеттік орган өз құзыретіндегі ақпаратты бірінші болып жариялауы керек. Өйткені ешкім сол ведомствоның өзінен артық әрі жедел ақпарат бере алмайды. Егер ресми түсіндірме кешіксе, оның орнын қауесет пен түрлі жорамал басады, – деді ол.
Орталық басшысы жалған ақпаратпен күресте оны жоққа шығарумен ғана шектелмей, халыққа түсіндіру жұмыстарын алдын ала жүргізудің маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ресми ақпарат неғұрлым жылдам жарияланса, жалған ақпараттың кең таралу мүмкіндігі соғұрлым азаяды.
Бұған дейін саясаттанушы Ғазиз Әбішев фейктерге қарсы тұру үшін қоғамның ақпараттық иммунитетін күшейту керек екенін айтқан еді.