Фейктерге қарсы тұру үшін қоғамның ақпараттық иммунитетін күшейту керек — саясаттанушы
АСТАНА. KAZINFORM — Жалған ақпаратпен күресте қоғамның ақпараттық иммунитетін қалыптастыру және мемлекеттің фейктерге ашық әрі жедел жауап беруі маңызды. Бұл туралы саясаттанушы Ғазиз Әбішев «САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» сарапшылық алаңында айтты.
Сарапшының пікірінше, кез келген тақырыпқа қатысты жалған ақпарат таралуы мүмкін, бірақ шынайы ақпарат дер кезінде жарияланса, адамдар ақиқаттың қайда екенін өзі-ақ аңғарады.
— Басты мәселе — қоғамның ақпараттық иммунитетін қалыптастыру және мемлекеттің кез келген фейкке шынайы, ашық әрі жедел жауап беруге дайын болуы. Сан түрлі тақырыпқа қатысты жалған ақпарат таралуы мүмкін. Алайда шынайы ақпарат уақытында жарияланса, қоғам оны күнделікті өмірдегі тәжірибесімен салыстырып, ақиқатқа оңай көз жеткізеді, — деді ол.
Ғазиз Әбішевтің айтуынша, жалған ақпарат жекелеген дағдарыстарға себеп болуы мүмкін. Алайда мұны сылтауратып, барлық ақпарат көзін шектеуге немесе түрлі пікірге тосқауыл қоюға болмайды.
Саясаттанушы бұл жағдайды коронавирус пандемиясымен салыстырды. Оның пікірінше, індеттің таралуына қарсы енгізілген карантин уақытша қорғаныс қызметін атқарғанымен, түпкілікті нәтиже қоғамда иммунитет қалыптасқан кезде байқалды.
— Бізге пандемияны жеңуге не көбірек көмектесті? Жасанды және табиғи иммунитет пе, әлде адамдарды үйден шығармай ұстау ма? Оның айтуынша, карантиннің мақсаты — адамдар арасындағы байланысты барынша азайтып, аурудың таралуын тоқтату болды, бірақ іс жүзінде қоғамда иммунитет қалыптасты. Ақпарат кеңістігінде де дәл осындай иммунитет болуы керек, — деді саясаттанушы.
Оның пікірінше, сыни ойлауы жоғары адамдар уақыт өте келе даурықпа тақырыптарға, жалған ақпаратқа немесе шұғыл әрекет етуге шақыратын хабарламаларға сене бермейді. Мұндай ақпаратты адамдар елемей өте бастайды, өйткені оларда ақпараттық иммунитет қалыптасады.
Сарапшының айтуынша, еркін әрі дамыған ақпараттық ортада да қоғам уақыт өте келе сенімді ақпарат көздерін айқындайды. Адамдар күмәнді ақпаратқа тап болған кезде, оны сол дереккөздер арқылы тексеруге тырысады.
Сонымен қатар ол фейктермен күрес желеуімен ақпараттық кеңістікті шамадан тыс реттеудің де қаупіне назар аударды.
— Қоғамды үнемі бақылауда ұстап, кез келген ақпарат көзінің үнін өшіруге тырысу қауіпті. Себебі фейктермен күресуге арналған тетіктер бір күні шындыққа «жалған ақпарат» деген белгі тағып, оны шектеу үшін қолданылуы мүмкін. Сондықтан ең тұрақты жол — қоғамның жалған ақпаратқа қарсы иммунитетін қалыптастыру, — деді Ғазиз Әбішев.
Саясаттанушы бұл үшін халықтың ақпараттық сауатын арттырып, сыни ойлау қабілетін дамыту қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғам сырттан келген кез келген пікірге тәуелді болмай, ақпаратты өз бетінше саралап, дәлел мен дерекке сүйеніп қорытынды жасай алуға тиіс.
Айта өтейік, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) алаңында бүгін сайлауалды науқандағы жасанды интеллектінің рөлі, цифрлық технологиялардың ықпалы және фейк ақпаратпен күрес мәселелері талқыланып жатыр.