Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — Өтіп бара жатқан апта ішінде елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.
20 шілде, яғни осы аптаның алғашқы күні Қазақстан темір жолы компаниясының басқарма төрағасы тағайындалды.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының шешімімен бұл қызметке Елжас Отыншиев кірісті.
Білімі:
Елжас Отыншиев Мәскеу физика-техникалық институтының «Жалпы және қолданбалы физика» мамандығы бойынша бакалавриат және магистратура бағдарламаларын тәмамдаған.
Еңбек жолы:
Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеу қаласындағы кеңсесінде бизнесті бағалау және мәмілелерді сүйемелдеу департаментінің консультанты ретінде бастаған.
2009–2019 жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес компанияларында жұмыс істеді.
2021–2023 жылдары KIDF ұйымында басшылық қызметтер атқарып, инвестициялық портфельді басқару бағытына жетекшілік етті.
2023 жылы сәуірден бастап осы уақытқа дейін «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры — Басқарма мүшесі қызметін атқарды. Бұл лауазымда қордың мұнай-газ, теміржол, тау-кен және басқа да салалардағы портфельдік компанияларын басқаруға жауапты болды.
2024 жылғы ақпаннан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі.
2023 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы — «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Дәл сол күні Теміртау қаласының әкімі болып Сапар Сатаев тағайындалды.
Жаңа басшыны Теміртау қаласының активіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырып, қала басшысының алдына қойылған негізгі міндеттерді айқындап берді.
— Сапар Сатаевтың мемлекеттік басқару жүйесінде тәжірибесі мол. Ол әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін жақсы біледі әрі қажетті кәсіби біліктілікке ие. Сапар Қайыркенұлы, сіздің басты міндетіңіз — теміртаулықтардың өмір сүру сапасын арттыру, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру, сондай-ақ қаланың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, — деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Сапар Сатаев бүгінде Теміртаудың тыныс-тіршілігін жақсы білетінін, қандай мәселелер ерекше назар аударуды қажет ететінін және тұрғындардың қандай шешімдерді күтіп отырғанын атап өтті.
— Теміртау қашанда адал еңбек, жауапкершілік пен нақты нәтижені бағалайтын қала. Менің жұмысым да дәл осы қағидаттарға негізделетін болады, — деп атап өтті Сапар Сатаев.
Еңбек жолы:
Сапар Сатаев еңбек жолын 2002 жылы «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында бастаған.
Әр жылдары «Ботақара су қожалығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары және директордың міндетін атқарушы қызметтерін атқарған.
Мемлекеттік қызметте 2010 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Ботақара кентінің әкімі болды.
2013–2015 жылдары Абай қаласының әкімі қызметін атқарды. Кейін Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Одан соң Приозерск қаласының әкімі болды.
2023 жылдың мамыр айынан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Балқаш қаласының әкімі қызметін атқарды.
21 шілдеде Балқаш қаласының әкімі болып Саян Мұратұлы бекітілді.
Бұл шешім ҚР Президенті Әкімшілігінің және Балқаш қалалық мәслихаты депутаттарының келісімімен қабылданған.
Жаңа қала басшысын Балқаш қаласының активіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Өз сөзінде де бірақатар міндеттерді де жүктеді.
— Сіздің басты міндетіңіз — балқаштықтардың өмір сүру сапасын арттыру, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Сонымен қатар туризм саласын өркендетуге ерекше назар аудару қажет. Атап айтқанда, Балқаш көлінің бірегей табиғи әлеуетін спорттық және туризмнің өзге де түрлерін дамыту үшін барынша тиімді пайдалану маңызды. Осыған байланысты туристік инфрақұрылымды жетілдіру, жағалау аймағын абаттандыру, инвестициялар тарту қажет, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Еңбек жолы:
Саян Мұратұлы мемлекеттік басқару жүйесінде 2015 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде абаттандыру, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және коммуналдық шаруашылық секторының бас маманы қызметінен бастаған.
Кейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында сумен жабдықтау және су бұру бөлімінің бас маманы, кейін осы бөлімнің басшысы қызметтерін атқарды.
2022–2024 жылдары Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары болды.
Одан кейін Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2025 жылдың тамыз айынан бастап Балқаш қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болды.
22 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше елдегі елшіні ауыстырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 2026 жылғы 22 шілдеде бірқатар кадрлық өзгерістер туралы жарлықтарға қол қойды.
Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды;
Әлібек Әсетұлы Бақаев Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды;
Амангелді Ғазезұлы Саинов Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды.
Сонымен бірге:
Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды;
Ерлік Шәкірұлы Әли Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды.
Дәл осы күні, яғни аптаның сәрсенбісі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары ауысты.
Бұл қызметке Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Дархан Бақытжанұлы Сапанов бекітілді.
Дархан Сапанов 1985 жылы 2 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген.
Білімі:
Жоғары білімді бірнеше оқу орнында алған. 2007 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Өнеркәсіптік жылу энергетикасы» мамандығы бойынша инженер біліктілігімен бітірген.
2009 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2022 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында «Іскерлік әкімшілендіру докторы» (DBA) бағдарламасын аяқтаған.
Еңбек жолы:
2007 жылдан бастап әр жылдары Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы департаментінің инспекциялау бөлімінің бас маманы, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-нің халықпен жұмыс істеу департаментінің инженері, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Электр энергетикасы және көмір өнеркәсібін дамыту департаментінің сарапшысы қызметтерін атқарған.
2009-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесінде әр түрлі лауазымдарда еңбек етті. Атап айтқанда, бас сарапшы, бас консультант, сектор меңгерушісі, бас инспектор және Индустриялық-инновациялық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2020-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды.
2023 жылғы ақпан айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы еңбегі үшін 2018 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған.
23 шілдеде Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры тағайындалды.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры болып заң ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Балабиев келді.
Қайрат Балабиев 1965 жылы Түркістан облысының Кентау қаласында дүниеге келген.
Білімі:
Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан Ашық университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолы:
Еңбек жолында прокуратура, әділет органдары, жоғары білім беру жүйесі және мемлекеттік қызмет салаларында жауапты лауазымдарды атқарған.
Әр жылдары бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында, Шымкент қаласы мен өңірлік прокуратураларда, Әділет басқармасында қызмет атқарып, Оңтүстік Қазақстан заң институтының ректоры болды.
Сонымен қатар ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысып, жоғары оқу орындарында профессор ретінде еңбек еткен.
2016-2021 жылдары Түркістан облыстық мәслихатының VI шақырылымының хатшысы, 2021 жылдан VII шақырылымының хатшысы қызметтерін атқарды. Кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Қайрат Балабиев — әкімшілік құқық және мемлекеттік қызмет саласындағы ғылыми еңбектердің авторы. Оның «Қазақстан Республикасының әкімшілік-іс жүргізу құқығы: жағдайы мен мәселелері» және «Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметтің әкімшілік-құқықтық реттелуі: қалыптасуы және даму перспективалары» атты монографиялары ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған.
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, мерейтойлық медальдармен және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған.
Сонымен қатар «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» атағының иегері, Түркістан облысының, Шымкент және Кентау қалаларының, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы.
Дәл осы күні Бекжан Бапышев Абай облысы әкімінің орынбасары болып бекітілді.
Аймақ басшысы Берік Уәли бүгін облыс активіне жаңа әкімді таныстырды. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бекжан Мейрамбекұлы Бапышев Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Білімі:
2011 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «Құқықтану» мамандығы, 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын «Мемлекеттік саясат» мамандығы бойынша тәмәмдады.
Еңбек жолы:
Еңбек жолын Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің аппаратында бастаған.
2013-2015 жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратында өндірістік-техникалық, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету және инфрақұрылым бөлімдерінде бас маман, 2015-2016 жылдары Алматы ауданы әкімінің аппаратының мүлікті жария ету комиссиясында, өндірістік-техникалық бөлімде техник, бас маман, бөлім басшысы болып еңбек етті.
Әр жылдары Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің аппаратында инфрақұрылым бөлімі мен Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің аппаратында абаттандыру және өндірістік-техникалық бөлімдерін басқарып, Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2025-2026 жылдары Семей қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімінің міндетін атқарушы (алты ай), облыстық Құрылыс басқармасының басшысы болды.
Тағайындалғанға дейін Абай облысы туризм басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы тағайындалды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен полковник Тілеуберді Мәдиев Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып, жаңа қызметіне кірісті.
Еңбек жолы:
Осыған дейін ол аталған департамент бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Тілеуберді Серікбайұлы 2009 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтын, ал 2022 жылы Ресей ТЖМ Азаматтық қорғау академиясын бітірген.
Азаматтық қорғау органдарындағы еңбек жолын 2005 жылдың тамызында бастаған. Әр жылдары қарауыл бастығынан аумақтық бөлімше басшысына дейінгі түрлі лауазымдарды атқарды.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменттерінде, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің орталық аппаратында қызмет еткен.
Дәл осы күні Ұлытау облысы полиция департаментінің басшысы өзгерді.
Ішкі істер министрінің бұйрығымен бұл қызметке полиция полковнигі Бауыржан Сапар тағайындалды.
Жаңа басшыны жеке құрамға Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Айдар Сайтбеков таныстырды.
Бауыржан Сапардың ішкі істер органдарындағы қызмет өтілі 30 жылдан асады. Қызметтік жолдың барлық сатыларынан өткен.
Кейінгі жылдары Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары және Жетісу облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
Айта кетейік, бұған дейін өткен апта ішінде елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болғанын жазғанбыз.