Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

тағайындау
Фото: freepik.com

Мемлекет басшысының өкімімен Серік Жақсығалиұлы Борамбаев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды. 

Серік Жақсығалиұлы Киев жоғарғы әскери-теңіз политехникалық училищесінің, ҚР РФ Әскери университетінің, ҚР РФ Әскери университеті жанындағы адъюнктурасының, ҚР Ұлттық қорғаныс университеті жанындағы академиялық курстардың түлегі.

Серік Борамбаев қызмет жолын Каспий флотының корабльдер күзеті дивизионы саяси бөлімнің комсомолдық жұмыстар жөніндегі бастығының көмекшісінен бастаған. Әр түрлі жылдары Атырау облыстық әскери комиссариатында Әскери-теңіз институты бастығының орынбасары, ҚР ҚК Әскери-теңіз басқолбасшысының орынбасары қызметін атқарды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша агенттік төрағасының бұйрығымен Касимов Руслан Мұратұлы Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы қызметіне тағайындалды. 

Руслан Касимов бұған дейін Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған. 

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша агенттік төрағасының бұйрығымен Битанов Ерлан Жанғазыұлы Қаржылық мониторинг агенттігінің Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы қызметіне тағайындалды.

Ерлан Битанов бұған дейін Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Отырар ауданының әкімі болып Жолдыбай Қайрат Жолдыбайұлы тағайындалды. Жаңа әкімді ауданның активіне облыс әкімі Дархан Сатыбалды таныстырды. 

Қайрат Жолдыбайұлы 1981 жылы 5 мамырда Шардара қаласында өмірге келген. Білімі жоғары, біліктілігі экономист-менеджер.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік және жергілікті басқару бойынша магистрі.

Еңбек жолын 2003 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары оқу орындарын және ғылымды қаржыландыру бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.

2003-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік сатып алулар және жекеменшік бөлімінің жетекші маманы, ҚР Қаржы министрлігінің бірқатар комитетінде бас маман, бас сарапшы, бөлім басшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі, Шардара ауданы әкімінің орынбасары, Ордабасы ауданының әкімі, Шардара ауданының әкімі лауазымдарында абыройлы қызмет атқарған.

2024 жылғы 28 маусымдағы NU Қамқоршылық кеңесінің шешімімен Президент қызметіне Ұлыбританияның азаматы Ахмад Вакар таңдалды.

Ахмад Вакар Брэдфорд университетінде (Ұлыбритания) PhD докторы дәрежесін алған.

Доктор Вакар өзінің мансап жолында Йорк университеті мен Лондон университеттік колледжі (Ұлыбритания) профессоры қызметінен Мидлсекс университетінің (Ұлыбритания) проректорына дейін көтерілген.

2001-2004 жылдары доктор Вакар Ұлыбритания Премьер-Министрі канцеляриясы Ғылым департаментін басқарған.

2017 жылдан бастап Абу-Даби университетінің ректоры болды. Ол басшылық еткен жылдары Абу-Даби университеті Times Higher Education беделді рейтингіндегі үздік университеттер арасында 250-300 диапазонына дейін көтерілді.

Сонымен қатар ол — беделді ғылыми басылымдарда жарияланған 90-нан астам ғылыми жұмыстың авторы.

«Алтай Өскемен» футбол клубының бас бапкері болып ел футболының ардагері, Қазақстан құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері — Вахид Масудов тағайындалды. 

Бапкерлік мансабын 1996 жылы «Қайрат» футбол клубында бастаған. Одан кейін қазақстандық маман «Тараз», «Атырау», «Ақтөбе», «Ордабасы», «Мақтарал» командаларын және 19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасын жаттықтырған. Сондай-ақ Масудов Super bol жобасында қызмет етті.

Соңғы жаңалықтар