Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

тағайындау
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада елімізде орталық жергілікті атқарушы органдарда бірқатар кадрлық тағайындау болды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы ведомствосында бірқатар ауыс-түйіс жасады.

Президент жарлығымен:

Мадияр Смәділұлы Меңілбеков Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды;

Нажмедин Мұхаметәліұлы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды;

Айдарбек Әнуарбекұлы Тұматов Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Ирак Республикасындағы, Палестина Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды;

Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Шәкизатұлы Нұрышев Қазақстан Республикасының Корей Халық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.

***

Осы аптада Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қажкенов Қуандық Жұмабекұлы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі болып тағайындалды. Ол 1984 жылы туған. 2021 жылдан бастап «Мемсараптама» РМК бас директоры болған.

***

ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 19 сәуірдегі қаулысымен Әбдішев Батырбек Қадырбекұлы Төтенше жағдайлар вице-министрі болып тағайындалды.

1977 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. ҚР Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы шекара-командалық училищесiн бітірген.

***

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қызметіне Ростислав Коняшкин келді. Ол 1989 жылы Тараз қаласында туған. 2021 жылдан бастап «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы лауазымында болды.

***

ҚР Президенті әкімшілігінің келісімімен Алматы қаласы әкімінің орынбасары лауазымына Бейбіт Шаханов тағайындалды.

Бейбіт Шаханов 1979 жылы туған. Абылай хан атындағы Қазақ Мемлекеттік Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін; Қазақ мемлекеттік заң университетін; Қазақ коммерциялық-қаржы академиясын; Ланкастер университетін (Ұлыбритания) бітірген.

2015-2022 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, Инвестициялар және даму министрлігінің, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару істері комитетінде жұмыс істеді.

Алматы қаласы құрылыс басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. 2023 жылғы мамырдан бастап қазіргі тағайындауға дейін Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы болды.

***

Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы лауазымына Айдар Жәкібаев тағайындалды

А. Жәкібаев 1988 жылы 14 қыркүйекте Өскемен қаласында дүниеге келген. 2011 жылы Бостон университетін (АҚШ) «инженер-электрик» мамандығы бойынша бітірді. 2023 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі тағайындалғанға дейін Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі болып жұмыс істеді.

***

ҚР Президенті Әкімшілігі және Алматы қаласы мәслихатының келісімі бойынша Алмалы ауданының әкімі болып Арман Шамшин тағайындалды

А. Шамшин 1986 жылы дүниеге келген. Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін (экономика факультеті), Пекин университетін (әлеуметтану) бітірген. Nazarbayev University Жоғары бизнес мектебінің басшылары үшін іскерлік әкімшілендіру магистрі (Executive MBA) дәрежесіне ие. 2022 жылдың шілдесінен бастап бүгінге дейін «Алматы ӘКК» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

***

Алматы облысы әкімінің өкімімен Асхат Бердіханов Қонаев қаласының әкімі болып тағайындалды

А. Бердіханов 1975 жылы туған, білімі жоғары. 1995 жылы Павлодар каласының машина жасау колледжін «Өнеркәсіптік кәсіпорындардың электр жабдығы» мамандығы бойынша, 2005 жылы С.М.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша оқыған.

2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды.

***

Болат Мешелов ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросы БҚО бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды.

БҚО статистика департаментінен түскен мәліметке қарағанда, Болат Тілеуғабылұлы 1981 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, 2009 жылы Орталық Азия университетін, 2014 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін қаржы, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша бітірген.

2014 жылдан бастап Аягөз ауданы статистика басқармасының басшысы, Семей қаласы статистика басқармасының басшысы, ШҚО статистика департаменті басшысының орынбасары қызметінде болды.

***

Қостанай облысы әкімінің өкімімен Жітіқара ауданы әкімінің лауазымына Аслан Амантайұлы Жаныспаев тағайындалды.

А. Жаныспаев 1982 жылы туған, Қостанай облысы Жітіқара ауданының тумасы, қазақ, білімі жоғары. 2003 жылы Қостанай ауылшаруашылық институтын бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша, 2016 жылы Челябі мемлекеттік университетін юриспруденция мамандығы бойынша бітірген. 2022 жылғы қарашадан бастап «Тобыл» ӘКК» АҚ төрағасы қызметін атқарды.

***

Данияр Рамазанұлы Қадыров «Отандастар Қоры» КЕАҚ президенті лауазымына тағайындалды

Данияр Қадыров 1975 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті болып тағайындалғанға дейін 2023 жылғы қарашадан 2024 жылғы наурызға дейін ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі болды.

***

Республикалық спорт колледжінің директоры лауазымына Ислам Ілиясұлы Байрамуков тағайындалды

Ислам Байрамуков – еркін күрестен еңбек сіңірген спорт шебері және Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері. 1971 жылы Жамбыл облысының Каменка ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Құқықтану» мамандығын (2003 жыл), Мәскеу әлеуметтік-гуманитарлық университетін (Қаржы және экономика) (2005 жыл) аяқтаған.

Соңғы жаңалықтар