Елімізде ашық аспан астындағы бассейнге кіру құны қанша

АСТАНА. KAZINFORM — Бассейн аптап ыстықта сұранысқа ие демалыс орындарының біріне айналды. Еліміздің кейбір қаласында оған кіру құны 13 мың теңгеге дейін жетті.

Елімізде ашық аспан астындағы бассейнге кіру құны қанша
Фото: Kazinform/ЖИ

Қазір бассейні бар демалыс орындары сұранысқа ие. Бағаға шолу жасаған кезде тек ашық аспан астындағы бассейнге кіру құны сараланды.

Айта кетейік, кіру құны балаларға арзан және жұмыс күндері тиімді. Сонымен бірге кейбір демалыс орындарында үш жасқа, ал кей жерлерде алты жасқа дейінгі балаларға кіру тегін.

Бассейн жанындағы жазғы демалыс еліміз бойынша Тараз қаласында арзанға шығып тұр. Мұнда бағалар 1 000 — 5 000 теңге аралығында. Ең қолжетімдісі — әкімдік қарауындағы коммуналдық жағажай. Алайда бұл жерде баға бір сағатқа ғана есептеледі, ал басқа орындардың басым бөлігінде төлем бір күндік демалысқа белгіленген.

Талдықорған мен Шымкентте бассейнге кіру бағасы адам басына 1 500 теңгеден басталады. Бірақ ең жоғары бағада айырмашылық бар. Талдықорғанда шамамен 3 500 теңге болса, Шымкентте 7 000 теңгеге дейін жетеді.

Түркістан, Орал және Қызылорда қалаларында мұндай демалыс орындарына кіру бағасы 2 000 теңгеден басталады. Кейбір орындарға алдын ала жазылу керек. Себебі аптап ыстық кезінде сұраныс жоғары және бос орын табу қиын.

Өскемен мен Семейде бассейнге кірудің орташа бағасы 2 500 теңгеден басталып, бір адамға шаққанда 4 500-5 000 теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар бассейнге барғанда тамақ шығынын ескергені жөн. Көптеген демалыс аймағы тамақ пен сусын алып кіруге тыйым салады.

Ақтөбе мен Павлодарда бассейнге кіру бағасы 3 000 теңгеден басталады. Алайда Павлодардың жөні бөлек. Мұнда әкімдік ашқан қалалық жағалауда заманауи балалар бассейні бар. Алдын ала жазылса, тегін кіруге болады. Сонымен бірге ата-аналар да кіріп, кәмелетке толмаған балаларын бақылап отыра алады. Алайда мұнда демалыс уақыты шектеулі. Бір сағатқа ғана кіруге рұқсат етіледі.

Елімізде ашық аспан астындағы бассейнге кіру құны қанша
Фото: Kazinform

Келесі орында Ақтау тұр. Мұнда бассейнге кіру құны 3 500-13 000 теңге аралығында. Ал Петропавлда бассейн жанындағы демалыс сәл қымбат. Бағасы 4000-8000 теңге аралығында.

Қостанай, Қарағанды және Астанада бассейнге кірудің ең төменгі құны 5 000 теңгеден басталады. Кейбір демалыс орындарында аяқ киім, сүлгі, үрлемелі қорғаныш құралы мен жүзу шеңберлері үшін қосымша ақы төлеуге тура келеді.

Ең қымбат бассейн жанындағы демалыс Көкшетау мен Алматыда тіркелді. Мұнда бір адамға билет бағасы 6 000 теңгеден басталады. Көпбалалы отбасына қомақты ақша қажет.

Жезқазған мен Атырауда ашық аспан астындағы бассейндер табылмады. Атырауда аквапарк бар. Алайда ол кәдімгі бассейні бар демалыс аймақтарымен салыстырғанда әлдеқайда қымбатқа түседі.

Бұған дейін біз Қазақстан курорттарындағы демалыс құны туралы жаздық