Елімізде балалар футболының даму деңгейі қалай

АСТАНА. KAZINFORM – 2001 жылдан бері әлем жұртшылығы 19 маусымда Дүниежүзілік балалар футболы күнін атап өтеді. Бұл мереке FIFA мен БҰҰ Балалар қоры арасындағы келісімнің арқасында пайда болған. Басты мақсат – әлемдегі ең танымал спорт түрінің аясын одан әрі кеңейте түсу, салауатты өмір салтын насихаттау. Елімізде балалар футболының дамуына қаншалықты назар аударылып отыр? Kazinform осы тақырыпта ой таразылап көрді. 

Елімізде балалар футболының даму деңгейі қалай
Фото: ҚФФ

«Челсиге» апарар жол...

Жер-жерде қазір футбол ерекше қарқын алып келеді. Оған барлық мемлекет тарапынан айрықша назар аударылып жүр. Бұл талантты жастардың жарқырап көрінуіне жол ашады. Мұндай қамқорлық талай өреннің жұлдызының жануына септігін тигізді. Қазір жанкүйер қауымының көзайымына айналған футболшылар осындай оң көзқарастың нәтижесінде кеңінен таныла бастады. Бұл жөнінен Бразилия, Аргентина, Англия, Испания, Италия, Франция, Португалия, Бельгия, Нидерланд, Дания алдыңғы қатардан көрініп келеді. 

– Кейінгі жылдары біздің елімізде де оған қатысты іс-шара жоспары жасалған. Мәселен, алматылық «Қайраттың» балалар академиясына еліміздің түкпір-түкпірінен талантты өрендер жиналады. Игілікті іс алғашқы жемісін бере бастады. Небәрі 17 жастағы Дастан Сәтпаевты Англияның «Челси» клубы алдағы жылы қатарына қосады. Бұл – қазақ футболы үшін зор жетістік. Сондай-ақ академияда тәлім алып жатқан Дәурен Орынбасарға да қазір ресейлік белгілі клубтар көз тігіп отыр. Әрине, нәтиже бір күнде көріне бермейді. Мұндай академия еліміздің барлық өңірінде ашылса құба-құп. Сол арқылы жас таланттарды тәрбиелеп шығаруға негіз бар. Оған ірі компаниялар мен кәсіпкерлер қолдау білдірсе деймін. Акаедмия еліміздің барлық кәсіпқой футбол клубының жанынан ашылуы тиіс, - дейді спорт журналисі Телжан Күдеров. 

Елімізде балалар футболының даму деңгейі қалай
Фото: ҚФФ

Елімізде білікті бапкерлер жоқ деп айта алмайды. Тоқсаныншы жылдардан бері бір ғана Тараз футболынан Бауыржан Исламхан, Еркебұлан Сейдахмет, Бақтиер Зайнутдинов секілді жұлдыздардың шығуы көп жайды айғақтайды. Сондай-ақ Павлодар, Семей, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе футболы жайында осындай оң пікір білдіруге әбден болады. Десе де олардың біліктілігін арттыру мәселесін назарда ұстағанымыз орынды болады.

Таланттар турнирде шыңдалады

Қазақстан футбол федерациясы балалар-жасөспірімдер футболы департаментінің директоры Сергей Кенетаев елімізде спорттың аталған түрінен жас өрендерді дайындау бойынша көптеген әдістеме кеңінен қолданылатынын айтады. Федерация футбол орталықтары мен академиялар үшін бірыңғай дайындық бағдарламасын әзірлеп шығарды. Ол жас өрендердің үйлестіру қабілетін, қимыл белсенділігін, ойын мотивациясын, техникалық-тактикалық және физикалық дайындығын дамытуға негізделген. Сондай-ақ бағдарлама UEFA талаптарын және лицензияланған әдістемелік ұсынымдарды ескереді. 

– Елімізде жеке футбол мектептері балаларды 3-4 жастан қабылдайды. Ал футбол орталықтары мен академияларда ол 6-7 жастан басталады. Айта кетсек, елімізде бұл іс тұрақты түрде оң даму қарқынын көрсетіп отыр. Ел аумағында 300-ден астам жеке футбол мектебі бар. Федерацияның Балалар-жасөспірімдер футболы департаменті (БЖФД ҚФФ) ұйымдастыратын жарыстарға кәсіби 19 футбол орталығы, 2 футбол академиясы және құрамында дайындық топтарының командалары бар 9 футбол клубы қатысады. Мұндай іс-шараларда жыл сайын шамамен 9 000 ойыншы бақ сынайды. Жасөспірімдер арасында республикалық бірнеше турнир өткізу дәстүрі қалыптасқан. Атап айтқанда, «Арман», «Жастар», «Дарын», «Жалын» секілді турнирлер бар. Былтыр футбол орталықтары мен академиялардың тәрбиеленушілері, сондай-ақ Бірінші және Екінші лига клубтарының 12-18 жасқа дейінгі жасөспірімдер командалары арасында алты жас санаты бойынша Қазақстан чемпионаты болды, - дейді С.Кенетаев.

Ал ҚФФ бұқаралық футболы департаментінің директоры Никита Мозговойдың айтуынша, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы мен ҚФФ бұқаралық футбол департаменті бірлесіп ұйымдастыратын «Ұлттық мектеп лигасы» жобасы аясында 5-6, 7-8, 9-11 сыныптарда оқитын ұлдар мен қыздар арасында жарыстар өткізілген. Оған былтыр жалпы 855 734 оқушы қатысты. 

Елімізде балалар футболының даму деңгейі қалай
Фото: ҚФФ

Бизнестің көзі деп бағалайық

Кезінде қызылордалық «Қайсар» клубында ойнаған Нұрлан Әбуов өркениетті елдерде футбол бизнес көзі екенін айтады. Футбол орталықтарында қызмет жасайтын мамандар мықты ойыншы шығарса, өзінің еңбегіне лайықты ақша алады

– Талап бойынша елімізде әр команда жанында балалар футболына арналған орталық бар. Сол орталықта тәлім алған шәкірттер кейіннен кәсіби тұрғыда қайта шыңдалады. Өкініштісі, барлығы біз ойлағандай емес. Оның бірнеше себебі бар. Алдымен бапкерлердің біліктілік деңгейіне назар аударылуы тиіс. Әлемде жоғары деңгейде дамыған балалар футболы орталықтары бар. Олар талай талантты жасқа жол ашты. Мәселен, Балқан түбегіндегі Сербия, Хорватия, Черногория өрендері қазір азулы клубтарда ойын көрсетеді. Осылайша игі іс өз деңгейінде жүзеге асты. Алдымен бапкерлердің біліктілігіне назар аударып, футболдың дамуы бойынша озық елдерге тәжірибе алмасуға жіберді. Осылайша олар қыруар қаржы тауып отыр. Әйтпесе, бізде де талантты жастар бар. Оларға қамқорлық қажет. Елдің арасынан оларды іздеп табуымыз тиіс. Бұл бір-екі күндік шаруа емес. Аталған жобалар ұзақ мерзімдерге белгіленуі қажет. Дегенмен бізде әлі күнге дейін осы жағы кемшін түсіп тұр. Футболды дамытамыз десек, осындай мәселелерге көңіл бөлінгені орынды, - дейді ол. 

Елімізде балалар футболының даму деңгейі қалай
Фото: ҚФФ

Оның айтуынша, еліміз таланттан кенде емес. Оларды іздеп табуымыз қажет. Барлық облыста футбол үйірмесі бар. Онда қаншама бала тәрбиеленуде. Арасынан таланттысы шығады. Мұндай шәкірттер тасада қалып қоймағаны жөн. 

Айта кетсек, бұдан бұрын «Қазақ футболы: Кешегі күннен келешекке дейін» деген тақырыпта ой қозғаған едік. 

Соңғы жаңалықтар