Елімізде балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытудың жол картасы әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM – 2029 жылға дейін балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту жол картасы 7 бағыт пен 29 іс-шарадан тұрады. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев мәлім етті.

Детский лагерь
Фото: Қостанай облысы Білім басқармасы

- Балалардың демалысын және бос уақытын ұйымдастыру мақсатында Туризм және спорт министрлігі бірқатар іс-шара кешенін жүзеге асырады. Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту, олардың саяхатына қатысты жобаларды қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығы болып саналады. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2029 жылға дейін балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту жол картасы әзірленді. Аталған құжат 7 бағыт пен 29 іс-шарадан тұрады, - деді Ержан Еркінбаев Үкімет отырысында.

Одан әрі вице-министр балаларға арналған Kids go Free бағдарламасы туралы айтты.

- Бұл – балалардың әуе билеттерін субсидиялайтын мемлекеттік қолдау шарасы. Бағдарлама іске қосылғалы бері 5 600-ден астам бала тегін әуе саяхатын пайдаланды. Министрлік кәмелетке толмаған жолаушыларды алып жүруге құқығы бар тұлғалардың тізімін кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл тізімдегі қатысушыларды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Биыл осы бағдарлама аясында 3 мың баланы қамту жоспарланып отыр, - дейді ол.

Министр орынбасарының айтуынша, елімізде балалар мен жасөспірімдер арасында ішкі туризмді насихаттау және дамыту жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Оған жергілікті атқарушы органдар мен турбизнес субъектілері тартылған.

- Мысалы, Астана әкімдігі жыл сайын әр өңірден жиналған 1000-ға жуық баланы қамти отырып, «Астана – Отанымның елордасы» әлеуметтік жобасын іске асырып келеді. Тур бағдарламасына тұру, тамақтану, ауқымды мәдени-ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастыру кіреді. Туристік қоғамдастықпен бірлесіп жазға арнайы туристік маршруттар әзірленді. Ол мәдениет, тарих және дәстүрмен танысуға, сондай-ақ оқушылар мен студенттердің ой-өрісін кеңейтуге бағытталған, - деп толықтырды Е.Еркінбаев.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов мектеп бітіру кешінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін айтты. 

Сондай-ақ Үкімет басшысы балаларды суда және өрт кезінде құтқару дағдыларына үйрету қажеттігіне тоқталды. 

Айта кетсек, балаларды спорт жарыстарына полицияның сүйемелдеуінсіз жіберуге тыйым салынады. 

Соңғы жаңалықтар