Елімізде балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 2 есеге азайды
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі 10 жылда елімізде балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 2 есеге қысқарған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған баспасөз конференциясында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова айтты.
– Қазіргі таңда ел азаматтары жыл сайын орта есеппен 1 000-нан астам баланы қамқорлыққа қабылдайды. Осы үрдістің арқасында кейінгі он жылда балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің саны екі есеге қысқарды. Бүгінгі таңда еліміздегі 20 мыңнан астам жетім баланың басым көпшілігі, яғни 16 294-і отбасылық тәрбиеге ауыстырылды. Балалардың заңды мүдделерін толыққанды қорғау мақсатында қорғаншылық органдары мамандарының саны 1 029 адамға дейін көбейтілді,-деді вице-министр.
Сондай-ақ балалар мен ата-аналарға дер кезінде кәсіби көмек көрсету үшін республиканың барлық өңірінде арнайы Психологиялық қолдау орталықтары іске қосылған.
Оның сөзінше, бұл орталықтар мыңдаған отбасыға құқықтық және психологиялық тұрғыдан тиімді жәрдем беріп келеді.
Бұдан бөлек спикер балалар үйлерін деинституционализациялау саясаты елімізде жүйелі түрде жалғасып келетінін атап өтті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бұған дейін интернаттық мекемелерде болған балалар саны 7 мыңнан 3,8 мыңға дейін азайған.
– Бүгінгі таңда республика бойынша 20 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тіркелсе, солардың басым көпшілігі, яғни 16 294-і қазірдің өзінде отбасылық тәрбиемен қамтылған,-деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, мемлекет тарапынан балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктері де барынша күшейтіліп жатыр. Осы ретте қорғаншылық және қамқоршылық органдары мамандарының тапшылығын жою мақсатында жаңа нормативтік талап енгізілген.
– Ендігі жерде әрбір 5 мың балаға кемінде 1 маманнан келуі тиіс. Осы ереженің арқасында еліміз бойынша бұл сала қызметкерлерінің штаты 303-тен 1 029 адамға дейін, яғни 3 еседен астамға көбейтілді.
Бұған дейін Астанада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 100-ге жуық іс-шара өтетінін хабарлағанбыз.