Қазақстанның білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие – Конституциялық реформа

АСТАНА. KAZINFORM – Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Жақсыбек Құлекеев бүгінгі отырыста жаңартылатын Конституция мәтінін әлі де жетілдіруді ұсынып, нақты терминдерге тоқталды.

Астанада ашылған «Келешек мектебі» екі білім мекемесіндегі үш ауысым мәселесін шешті
Фото: Астана әкімдігі

- Ата заңымызда ғылымға қатысты норманың нақты бекітілгені дұрыс болатынын ұсынған болатынмын. Бұл ұсыныс Конституциялық кеңес мүшелерінің тарапынан толық қолдауға ие болды. Осыған орай, Конституция мәтіні жобасының преамбуласы мен 1-баптың 3-тармағында арнайы нормалар пайда болды. Преамбулада «мәдениет және білім құндылықтарын, ғылым мен инновация жетістіктерін бағдарға ала отырып» деген түсінік жазылды. Бұл – қуанарлық жағдай, - деген комиссия мүшесі жаңартылатын Конституция жобасындағы 1-баптың 3-тармағы қазақ тілінде де, орыс тілінде де нақтылауды қажет ететінін айтты.

- Осы норманы қазақ тілінде былай жазған орынды: «Қазақстан Республикасы адам капиталын, білім-ғылымды және инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде таниды». Бұл жерде мен Диқан Қамзабекұлы айтқан орынды ұсынысты атап өтіп, «білім» деген сөздің білім беруді де, білім алуды да қамтитын терең ұғымын ескере отырып, «білім беру» деген сөзді тек «білім» деген сөзбен алмастырған жеткілікті болатынын естеріңізге салғым келеді, - деді ол.

Сондай-ақ, Конституциялық комиссия мүшесі Ата заңның 30-бабы қалай өзгеретінін түсіндірді.

- Бұл бап қазіргі жобада 5 тармақтан тұрады. Оның алғашқы 4 тармағы еш өзгеріссіз айналымдағы Конституция нормаларынан алынып отыр. Ал 5-тармақ – жаңа норма. 5- тармақтың қазақша мәтіні былай: Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы ұйымдар мен мекемелерде білім және тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие. Осы норманы қолдасаңыздар, қоғамда әлсін-әлсін кездесіп қалатын кейбір қайшылықтар заңды негізде өз шешімін табатыны анық, - деді Жақсыбек Құлекеев.

Еске салайық, Конституциялық комиссияның V отырысын Kazinform агенттігінің ресурстарынан көруге болады.

Өткен аптада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бір палаталы «Құрылтайдың» функциясы мен құрамы, вице-президент лауазымының мемлекеттік биліктегі орны, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті қандай болатыны айтылған еді. 

Соңғы жаңалықтар