Елімізде босқын мәртебесін алу тәртібіне өзгерістер енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен босқын мәртебесі бар адамдарды тіркеу, олардың өтініштерін қарау және тиісті құжаттарды рәсімдеу тәртібіне өзгерістер енгізілді.
Бұл құжат Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген.
Жаңартылған ережеге сәйкес, нәсіліне, ұлтына, дініне, азаматтығына, белгілі бір әлеуметтік топқа қатыстылығына немесе саяси көзқарасына байланысты қудалауға ұшырау қаупі бар шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам босқын деп танылады.
Мұндай адам өз мемлекетінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе пайдаланудан бас тартатын жағдайда босқын мәртебесін алуға үміткер бола алады.
– Аталған мәртебені алу үшін өтініш беруші халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жазбаша өтініш жолдауға тиіс. Өтініш Қазақстан аумағына келген күннен бастап немесе қудалау қаупі туындағанын білген сәттен бастап 5 күнтізбелік күн ішінде берілуі қажет, – делінген құжатта.
Өтінішке жеке басын куәландыратын құжаттар қоса тіркеледі.
Сондай-ақ құжат 18 жасқа толған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға үш ай мерзімге беріледі және босқын мәртебесін беру туралы өтініш қаралып жатқан кезеңде олардың Қазақстан аумағында заңды негізде болуын растайды.
Егер өтініш отбасы мүшелерімен қауышу мақсатында берілсе, туыстық байланысты растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Сонымен қатар екі тараппен, яғни пана іздеп келген адам мен қауышу үшін келген отбасы мүшесімен әңгімелесу жеке-жеке жүргізіледі.
Құжат 2026 жылғы 18 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін, Қазақстанның Ішкі істер министрлігі босқын мәртебесі бар адамдарға жол жүру құжаттарын беру қағидаларын жаңартуды ұсынған болатын.