Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елімізде дропперлердің шоттары арқылы 112 млрд теңгеден астам заңсыз операция жүргізілген

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметін тоқтатты.

п
Видеодан алынған скрин

Агенттік дропперлікпен күресті елдің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады.

Жыл басынан бері қылмыстық схемаларды ұйымдастырған 40-тан астам адам анықталып, заңсыз әрекетке 500-ден астам азаматтың тартылғаны белгілі болды.

– Дропперлердің банктік шоттары арқылы жалпы сомасы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операциялар жүргізілген. Тек соңғы екі айдың өзінде мыңнан астам дроп-карта бұғатталды, – делінген хабарламада.

Мәселен, ҚМА-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыру үшін азаматтардың банктік шоттарын пайдаланған халықаралық «дроповодтар» желісінің қызметін тоқтатты.

Тергеу мәліметінше, бұғатталған шоттар арқылы шамамен 17 млн теңге өткізілген. Кейін ұйымдасқан топ мүшелері шот иесі болған 18 жастағы азаматты күштеп ұстап, күш қолданамыз деп қорқытып, банктік шоттарға қолжетімділікті қалпына келтіруге мәжбүрлеген.

Осыған ұқсас схема Жетісу облысында да анықталды.

Әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сенген жергілікті тұрғын кураторлардың нұсқауымен интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты өзінің банктік шоттары арқылы қабылдап отырған. Кейін ақшаны криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушылардың шоттарына аударып, әр операциядан комиссия алған.

– Түркістан облысында дропперлік схема Telegram мессенджеріндегі жасырын куратор арқылы басқарылған. Ол студенттер мен кәмелетке толмағандарды сыйақы ұсынып, интернет-банкингке қолжетімділікті беруге көндірген. Соның салдарынан 20-дан астам жас тергеуге тартылды, – деп атап өтті агенттіктен.

Қаржылық мониторинг агенттігі дропперлік схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Елдің қаржылық қауіпсіздігі әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады.

Айта кетейік, елде 200-ден астам дроппер сотталды.