Елімізде дзюдо жаттықтырушыларының біліктілігін арттыруға арналған семинар басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада әлемдік дзюдо саласының белгілі өкілі, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы және табысты жаттықтырушылардың бірі Эцио Гамбаның жетекшілігімен жаттықтырушыларға арналған семинар өтіп жатыр. Іс-шараны Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырды. 

Елімізде дзюдо жаттықтырушыларының біліктілігін арттыруға арналған семинар басталды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Эцио Гамба мен оның командасы Қазақстан ұлттық дзюдо құрамасын даярлау бойынша ынтымақтастық орнатқан. Бұл жұмыс барысында халықаралық деңгейде тиімділігі дәлелденген заманауи жаттығу әдістері енгізіледі. 

Екі күнге жоспарланған семинар бағдарламасына теориялық және практикалық сабақтар кіреді. Арнайы назар спортшыларды дайындау әдістерін жетілдіруге арналған теориялық-практикалық модульдерге аударылған. Бағдарлама аясында төрт техниканы меңгеру және көрсету бойынша топтық жұмыстар, сондай-ақ жаттығу үдерісін мақсатты көрсеткіштер негізінде модельдеу қарастырылған.

дзюдо
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Жаттықтырушылар құрамында халықаралық деңгейдегі тәжірибелі мамандар бар. Олардың қатарында Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Роберт Мшвидобадзе, Франция мен Италиядан келген бапкерлер Стефано Фрассинели, Маротто Феличиано, Жибер Жан-Пьер және қазақстандық мамандар бар.

Бұл семинардың мақсаты – отандық жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін көтеру, спортшыларды даярлау жүйесін жақсарту және Қазақстан дзюдосының халықаралық аренадағы позициясын нығайту.

семинар
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Іс-шара ірі халықаралық жарыстар алдында өткізіліп жатыр. Олардың қатарында жазғы Азия ойындары және Қазақстанда дәстүрлі түрде өтетін Grand Slam сериясының кезеңі бар.

Еске салсақ, бұған дейін Халықаралық дзюдо федерациясы Қытайдың Ордос қаласында өтетін дзюдодан Азия чемпионатына қатысушылардың алдын ала тізімін ұсынғанын жазған едік.