Елімізде қай өңірлер сейсмикалық аймаққа жатады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында Қазақстандағы сейсмикалық өңірлер жөнінде мәлімет берді.

Маңғыстау облысында алғашқы сейсмикалық станциялар желісі орнатылады
Фото: ТЖМ

– «Сейсмикалық аймақтардағы құрылыс» қағидалар жинағына сәйкес, Қазақстанның сейсмикалық қауіпті өңірлеріне Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары жатады. Сонымен қатар, сейсмикалық қауіпті өңірлер тізіміне Алматы және Шымкент қалалары кіреді, – делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, сейсмикалық қауіптілік деңгейі MSK-64 12 балдық макросейсмикалық шкаласы бойынша бағаланады. Еліміздің оңтүстік-шығыс өңірлерінде, әсіресе Алматы қаласы мен Алматы облысында сейсмикалық қатер ең жоғары дәрежеде.

– Онда тарихи жер сілкіністерінің қарқындылығы MSK-64 шкаласы бойынша 8–10 балға дейін жеткен, – делінген ресми жауапта.

Сонымен бірге, Төтенше жағдайлар министрлігінен «Пайдалы қазбаларды өндіру аймақты сейсмикалық өңірге айналдыруы мүмкін бе?» – деп сұраған едік.

– Тау-кен өндірісі сейсмикалық қауіпке әсер етуі мүмкін, өйткені жарылыс жұмыстары, тау жыныстарындағы кернеу жағдайының өзгеруі және пайдалы қазбалардың үлкен көлемін өндіру жергілікті техногендік сейсмикалық оқиғаларды тудыра алады. Қазақстанда пайдалы қазбаларды белсенді өндіру және жарылыс жұмыстары жер қыртысының жай-күйіне әсер етіп, жергілікті техногендік сейсмикалық белсенділікті туындатуы мүмкін аумақтар бар. Алайда өңірді тек пайдалы қазбаларды өндіру фактісіне байланысты ресми түрде сейсмикалық деп тануға болмайды, ол арнайы сейсмологиялық қадағалаулардың нәтижелері негізінде айқындалады, – деп жауап берді ТЖМ.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы ғимараттардың қаншасы жер сілкінісіне төзімді екенін жазғанбыз.