Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елімізде көшпелі донорлық бригадалардың жұмысы кеңейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қан донорларын көбейту үшін көшпелі донорлық бригадалардың жұмысын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл туралы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім етті.

Елімізде көшпелі донорлық бригадалардың жұмысы кеңейтіледі
Фото: Досбол Атажан

Орталықтың мәліметінше, 2026–2027 жылдары ерікті және тұрақты донорлықты дамытуға бағытталған бірқатар бастама іске асырылады. Соның бірі — кәсіпорындар мен ұйымдарға барып, қан қабылдайтын көшпелі донорлық бригадалардың жұмысын күшейту.

— Мұндай тәсіл азаматтарға қан тапсыруды қолжетімді етіп, жаңа донорларды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ірі компаниялар мен кәсіпорындарды корпоративтік донорлық қозғалысқа тарту, тұрақты қан тапсыру акцияларын өткізу көзделіп отыр. Сонымен қоса әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы донорлық мәдениетті кеңінен насихаттап, донорларды шақырудың цифрлық жүйелерін жетілдіру және қызмет көрсету сапасын арттыру да қолға алынды, — деді бөлім басшысы.

Сондай-ақ алдағы кезеңде мемлекеттік органдармен, жоғары оқу орындарымен және бизнес қауымдастықпен ынтымақтастықты кеңейту жұмыстары жалғасатын болады.

Айта кетейік, соңғы 10 жылда елімізде 1,6 млн-нан астам адам қан тапсырған.