Елімізде қуаты 7,3 ГВт жаңа генерация көздері іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пайдалануға берілетін жаңа электр қуаты көздері жөнінде мәлімдеме жасады.
— Ел экономикасының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2029 жылға дейін жалпы сомасы 6,2 трлн теңге болатын жалпы көлемі 7,3 ГВт жаңа генерация көздерін іске қосу, оның ішінде қолданыстағы қуаттарды алмастыруға бағытталған жобалар көзделген, — деді ол.
Осылайша, ұлттық жоба шеңберінде жаңа қуаттардың өсімі 6 484 МВт болса, ал қолда бар қуаттарды алмастыру көлемі қазірдің өзінде 825 МВт-қа жеткен.
Сонымен қатар, биыл ұлттық жоба шеңберінде шамамен 2 418 МВт қуатты іске қосу жоспарланып отыр.
Ал 2027 жылы шамамен 825 МВт жаңа қуат іске қосылмақ. Оның ішінде Жамбыл МАЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын 5 газ-турбиналық қондырғыны және «МАЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысын іске қосу жоспарда бар.
— Аталған қуаттарды іске қосу 2027 жылдың басынан бастап экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал 2027 жылдың соңына қарай электр энергиясының шамамен 1,3 млрд кВт/сағ көлемінде профицитін қалыптастырады. Сонымен қатар Ұлттық жоба шеңберінде 2028–2029 жылдары 4 000 МВт-тан астам қуатты іске қосу көзделген. Осылайша, 2029 жылы Қазақстанның энергия жүйесінде 20% көлеміндегі қажетті қуат резерві ескеріле отырып, электр энергиясы профицитінің тұрақты қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Ерлан Ақкенженов.
Айта кетейік, бұған дейін энергетика мен коммуналдық секторды жаңғырту ісінде отандық өнімге басымдық берілетінін жазғанбыз.