Елімізде мәйіт донорлығы арқылы балаларға трансплантация жасау көзделіп отыр
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда мәйіт донорлығы арқылы балаларға ағза трансплантациясын дамыту жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының орынбасары Назгүл Жылгелдина айтты.
Оның айтуынша, педиатриялық трансплантацияны кеңейту – Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық бағыттарының бірі.
– Қазір бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл елімізде алғаш рет балаға жүрек трансплантациясы жасалды. Ендігі мақсаттарымыздың бірі – мәйіт донорлығы арқылы балаларға трансплантация жасауды дамыту, – деді Назгүл Жылгелдина.
Оның сөзінше, бұл бағытты дамыту балаларға жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, күрделі диагнозы бар науқастардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, елімізде донорлық ағзаға мұқтаж 4739 адам трансплантация кезегінде тұр. Олардың 125-і — балалар.