Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елімізде мектеп медицинасы цифрландырылады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мектеп медицинасының жаңа моделін енгізу жоспарланып отыр. Оқушыларды профилактикалық тексеру кезінде цифрлық диагностикалық жабдықтар қолданылып, нәтижелері медициналық ақпараттық жүйелерде тіркеледі, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

а
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

6-7 тамызда министрлік Маңғыстау және Атырау облыстарында мектеп медицинасының дамуына арналған көшпелі кеңестер өткізді. Оған денсаулық сақтау басқармаларының, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының өкілдері, мектеп медицинасы қызметкерлері мен бейінді мамандарды қоса алғанда 400-ден астам адам қатысты.

Жаңа модельдің негізгі бағыттарының бірі – мектеп оқушыларын профилактикалық тексеруді цифрландыру.

– Тексеру жүргізу кезінде заманауи цифрлық диагностикалық құрылғыларды пайдалану, ал алынған нәтижелерді ақпараттық жүйелерде автоматты түрде тіркеу жоспарлануда. Бұл баланың денсаулық жағдайы туралы неғұрлым толық мәлімет қалыптастыруға және оның өзгерістерін динамикада бақылауға мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.

Егер оқушыдан белгілі бір қауіп факторлары немесе денсаулық көрсеткіштеріндегі өзгерістер анықталса, мәліметтер одан әрі бақылау, қосымша тексеру немесе медициналық көмек көрсету үшін МСАК мамандарына жедел жолданады.

Осылайша мектеп медицинасы бір реттік профилактикалық тексеруден баланың денсаулығын жүйелі цифрлық бақылауға кезең-кезеңімен көшеді.

Жаңа модельде аурулардың алдын алу мен денсаулықтағы өзгерістерді ерте анықтауға басымдық беріледі. Мектеп медицинасы қызметкерлерінің міндеті медициналық тексерумен ғана шектелмейді. Олар аурулардың алдын алу, санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізу, балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және МСАК ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасауға қатысады.

Көшпелі кеңестер барысында оқушылар арасында салауатты өмір салтының тұрақты дағдыларын қалыптастыруға және профилактикалық мәдениетті дамытуға бағытталған «Саламатты мектеп» жобасы да таныстырылды.

– Жаңа модель мектеп медицинасының заманауи, цифрлық және профилактикалық сипатын күшейтуге бағытталған. Бұл баланың денсаулық жағдайын белгілі бір уақыттағы көрсеткіш бойынша ғана бағалап қоймай, оның өзгерістерін динамикада тұрақты бақылауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ведомстводан.

Сонымен бірге мектеп медицинасының мамандармен қамтамасыз етілуі, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және медициналық ұйымдардың жаңа тәсілдерді енгізуге дайындығы талқыланды.

Маңғыстау және Атырау облыстарында өткен кеңестер өңірлердің жаңа модельді іс жүзінде енгізуге дайындығын бағалауға және мектеп медицинасын дамыту бойынша алдағы қадамдарды айқындауға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, Атырауда балаларға кохлеарлық имплантаттау операциясы жасалмақ.