Атырауда балаларға кохлеарлық имплантаттау операциясы жасалмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Атырау облыстық балалар ауруханасында Батыс Қазақстанда алғаш рет кохлеарлық имплантаттау бойынша халықаралық мастер-класс өтіп жатыр, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Есту қабілеті ауыр бұзылған балалар алдағы уақытта жоғары технологиялық медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алу мүмкіндігіне ие болады.
Кохлеарлық имплантаттау есту қабілеті айқын төмендеген немесе толық саңырау балаларға кәдімгі есту аппараттары қажетті нәтиже бермеген жағдайда жасалады. Бұл технология балалардың дыбысты қабылдауына, сөйлеу қабілетін дамытуына және күнделікті өмірге бейімделуіне мүмкіндік береді.
Бұған дейін мұндай операциялар негізінен Астана, Алматы және Түркістан қалаларындағы ірі медициналық орталықтарда ғана жүргізіліп келген.
– Оқыту аяқталып, мамандар толық дайындықтан өткеннен кейін кохлеарлық имплантаттауды Атырау облысында биылғы жылдың соңына қарай жүргізу жоспарланып отыр. Бұл бұрын басқа қалалардағы медициналық орталықтарға жүгінуге мәжбүр болған өңір тұрғындары үшін мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттырады, – делінген министрлік мәліметінде.
Халықаралық мастер-класс аясында жетекші мамандар өңір дәрігерлерімен бірлесіп оқыту жұмыстарын жүргізіп, диагностика мен хирургиялық емдеудің заманауи тәсілдерін талқылап жатыр. Сондай-ақ көрсетілімдік операциялар жасалуда.
Бұл өңірдің оториноларингологтары мен хирургтеріне облыстық балалар ауруханасының базасында тәжірибелік дағдыларды меңгеріп, заманауи технологияларды игеруге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Атырау облысында есту қабілеті бұзылған балалар мамандардың бақылауында. Олардың бір бөлігі бұған дейін еліміздің өзге өңірлерінде кохлеарлық имплантаттаудан өткен. Жаңа бағыттың іске қосылуы өңірде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық мастер-класс өңірдегі жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудағы маңызды кезең болмақ. Алынған білім мен тәжірибелік дағдылар мұндай операцияларды өз бетінше орындай алатын мамандар тобын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сарапшылар мен өңір дәрігерлерінің бірлескен жұмысы емдеудің заманауи әдістерін енгізуге, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға және Атырау облысында кохлеарлық имплантаттауды тұрақты негізде жүргізуге жағдай жасайды.
Айта кетейік, Жамбыл облысында саркома диагнозымен 183 науқас есепте тұр.