Жамбыл облысында саркома диагнозымен 183 науқас есепте тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Облыстық онкологиялық орталықтың бақылауында саркома диагнозы қойылған 183 адам бар. Жыл басынан бері олардың қатарына тағы 16 науқас қосылды.
Жамбыл облысындағы онкологиялық аурулардың жалпы құрылымында саркома 8-9-орындарды иеленеді. Дәрігерлер жыл сайын облыстың 25-30 тұрғынына алғаш рет осы диагнозды қойып, диспансерлік есепке алады.
Саркома – бір ғана ауру емес, сүйек пен жұмсақ тіндерде пайда болатын сирек кездесетін қатерлі ісіктердің тұтас бір тобы. Оның кейбір түрлері тез өсіп, емнен кейін қайта пайда болуы және басқа ағзаларға метастаз беруі мүмкін. Аурудың болжамы көбіне ісіктің қай сатыда анықталғанына байланысты. Сондықтан диагноз қойылғаннан кейін бірнеше жыл өмір сүріп жатқан науқастардың саны емдеудің ұзақ мерзімді нәтижесін бағалауда маңызды көрсеткіш саналады.
Соңғы жылдары саркоманың жаңа жағдайларының саны өзгеріп отырғанымен, мамандар тұрақты өсім байқалмайтынын айтады. 2022 жылы диагноз алғаш рет 29 науқасқа қойылса, 2023 жылы – 24, 2024 жылы – 20 адамнан анықталған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 25 адам диспансерлік есепке алынған.
2026 жылғы динамикаға баға беруге әзірге ерте. Дегенмен жылдың алғашқы алты айында облыстың 16 тұрғынынан бұл ауру анықталды.
Қазіргі таңда дәрігерлердің бақылауындағы 183 науқастың 107-сіне диагноз қойылғанына 5 жылдан астам уақыт өткен. Есепте тұрғандардың 58,5 пайызы бес жылдық межеден асқан. Облыстық онкологиялық орталық мамандары саркоманың кейбір түрлері агрессивті сипатта өтетінін ескерсек, бұл көрсеткішті жақсы нәтиже деп бағалап отыр.
Дәрігерлер емдеу тактикасын әр науқасқа жеке таңдайды. Емдеу хирургиялық операцияны, сәулелік және химиотерапияны, сондай-ақ таргеттік немесе иммундық терапияны қамтуы мүмкін. Әдісті таңдау ісіктің түріне, орналасқан жеріне және қаншалықты таралғанына байланысты.
Айта кетейік, елде онкологиялық қызметтің бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады.