Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елімізде оқу үшін 550 шетел азаматына білім гранты берілді

АСТАНА. KAZINFORM — 2026-2027 оқу жылына арналған Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ шетел азаматтарына, оның ішінде қазақ ұлтының өкілдеріне арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарламасы аясындағы конкурстық іріктеу аяқталды. Байқау қорытындысы бойынша 550 стипендия иегерінен тұратын негізгі тізім бекітілді.

грант
Фото: gov.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, бұл бағдарлама 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ дарынды шетелдік жастарды Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға тартуға бағытталған.

2026 жылы бағдарлама шеңберінде:

  • бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуға — 490 білім беру гранты;
  • магистратура бағдарламалары бойынша оқуға — 50 грант;
  • докторантура бағдарламалары бойынша оқуға — 10 грант бөлінді.

Конкурстық іріктеуге әлемнің 71 елінен 16 098 үміткер қатысты. Қатысушылардың едәуір бөлігі Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдері — қандастар болды. 

— Бағдарламаны іске асыруға 886 білім беру бағдарламасын ұсынған Қазақстанның 27 жоғары оқу орны қатысады. Стипендия иегерлерінің басым бөлігі Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, Astana IT University-де, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде және еліміздің басқа да жоғары оқу орындарында білім алады, — деп хабарлады ведомство.

Биыл бағдарламаға қатысушылардың географиясы айтарлықтай кеңейген. 2025 жылы оқуға ұсынылғандар қатарында 26 елдің өкілдері болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 49 мемлекетке дейін артты. Ең көп өтініш Палестина, Индонезия, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы және Ауғанстаннан келген үміткерлерден түсті. Алғаш рет стипендия иегерлері қатарында АҚШ, Италия, Германия, Мальдив Республикасы және Корея Республикасы азаматтары бар.

Еске салайық, бұған дейін білім грантына өтініш бергендер саны 127 мыңға жуықтағанын хабарлаған едік.