Елімізде онлайн төлемнің үлесі 90 пайыз – Ұлттық банк төрағасы
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Кейінгі бес жылда елімізде қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемі 10 есе артқан.
Алматыда өтіп жатқан Central Asia Fintech Summit форумында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қаржы секторы экономиканың басты қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтті. Айтуынша, кейінгі бес жылда халық қолма-қол ақшаны қолдануды азайтқан. Қазір Қазақстандағы төлемнің 90 пайызы онлайн форматта жүзеге асырылады.
– Мұнда мемлекеттің, атап айтқанда Ұлттық банктің және Ұлттық төлем корпорациясының үлесі зор екенін түсіну маңызды. Төлем айналымының шамамен 90 пайызы осы корпорацияның инфрақұрылымы арқылы өтеді. Барлық операция нақты, кідіріссіз жүргізіледі, сенімділік деңгейі – 99,99 пайыз. Тоғыз айдың ішінде жалпы транзакциялар көлемі 1 квадриллион теңге межесінен асты. Әрине, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш одан да жоғары болады, - деді ол.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бүгінде клиентті онлайн сәйкестендіруден бастап банк шотын ашу, несие рәсімдеу, төлемдер жасау және мемлекеттік қызметтер алу сынды қаржылық қызметтер цифрлық форматта қолжетімді. Ұлттық банк базасында ай сайын шамамен 4 миллион өтінішті өңдейтін биометриялық сәйкестендіру сервисі жұмыс істеп тұр.
Алайда цифрлық технологиялардың дамуымен қатар киберқауіптің де ауқымы кеңейіп келеді. Ұлттық банк басшысы азаматтарды кибералаяқтықтан қорғау үшін жүйелі шаралар қабылдап жатқанын айтты.
– Өткен жылдың шілдесінде Ұлттық банк базасында антифрод орталығы іске қосылды. Ол Ұлттық банкті, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін, банктер мен ірі микроқаржылық ұйымдарының антифрод-жүйелерін, құқық қорғау органдарын және телеком-операторларды біріктіреді. Бірлескен жұмыстың арқасында 3 миллиард теңгеден астам қаржыны ұрлауға жол берілмеді, көптеген киберқылмыстың жолы кесілді. «Қара тізім» жасалып, олардың негізінде ІІМ мыңдаған қылмыстық іс қозғады. Бұл – дұрыс бағыт және осы жұмысты ары қарай кеңейтеміз, - деді Тимур Сүлейменов.
Сонымен қатар ол Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алдағы 5 жылға арналған қаржы реттеушілерін цифрландыру стратегиясын бекіткенін хабарлады. Бұл құжат екі орган қолға алған барлық цифрлық бастамаларды біріктіріп, Қазақстандағы цифрлық қаржының одан әрі дамуының негізін қаламақ.
Еске салайық, бұған дейін антифрод орталығының жұмыс ережелері әзірленді.