Елімізде өте жақсы заңдар қабылданып жатыр - Снежанна Имашева

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Снежанна Имашева Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат беріп, заң қабылдау процесіне, жаңа нормаларға, заң жобаларының сапалы жазылуына қатысты жауап берді.

заң
Фото: Дамир Ерубаев/Kazinform

Заң жобалары қазақ тілінде жазылуы керек

Депутаттың айтуынша, заңнама саласында түрлі проблема бар.

«Норма шығармашылығы тіліне қатысты мәселе бар екенін атап өткен жөн. Бізде заң жобалары күрделі тілде жазылады, яғни қарапайым адамға түсініксіз. Оған қоса, елімізде қазақша жазатын мамандар тапшы. Сондықтан осы проблеманы жүйелі түрде шешуге біздің комитет ықпал етеді. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісіне заң жобалары екі тілде келеді. Заң шығару саласында тілдің өзіндік ерекшелігі бар. Заң жобаларын көбіне сарапшылар мен заңгерлер жазады. Осы орайда кей жағдайда түсініксіз нормаларды ары қарай пысықтаймыз. Заңның тілі күрделі және оны көбісі түсіне бермейді. Халықтың бәрі заңгер емес екенін ескерсек, заң тілі түсінікті болуы керек. Бұл тұрғыда Парламенттегі депутаттар арасында заңгер мамандығын меңгергендер бар. Яғни оларға құжаттарды түсініп, жетілдіру қиын емес», - деді Снежанна Имашева.

Депутат елімізде заң жобаларын бастапқыдан қазақ тілінде жазуға назар аудару керек екенін атап өтті. 

заң
Фото: Kazinform/Дамир Ерубаев

«Егер заң орысша жазылып, оған тікелей аударма жасаса, нормалардың мағыналары өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан бастапқыдан қазақ тілінде жазу керек. Бұл ретте, аударма жасайтын мамандар да қазақшаны жетік білуі қажет. Бұл бағытта заң жобаларын әзірлеп келетін органдарға бірнеше ескерту жасалды. Мәжіліске заң жобасы екі тілде келіп түседі. Мәжілістің комитеттерінде келіп түскен құжаттар бойынша сапасыз аударманы көрсе, депутаттар міндетті түрде ескертуін айтады. Өкінішке қарай, қойылып отырған талаптар тиісті деңгейде орындалмай жатыр. Жалпы, заңның тілі күрделі», - деді С.Имашеева.

Оның пайымынша, осының бәрі - уақытша проблема. Өйткені алдағы кезеңде мықты мамандардың жаңа буыны осы салаға келіп қосылады.

Парламентте заңдар қоғамның ұсынысына қарай өзгереді

Сұхбат барысында депутат Мәжіліске келіп түскен кейбір заң жобалары «шикі» күйінде келіп жататынын, алайда бұл құжаттарды палата депутаттары барынша түзететінін атап өтті.

«Атап айтқанда, елімізде өте жақсы заңдар қабылданып жатыр. Бірақ оларды орындау бөлігінде кемшіліктер байқалып отыр, яғни заң талаптарын сапасыз орындау мәселесі бар. Қоғамда заңға бағынуды міндетті деп санамайтын адамдар кездеседі», - деді Снежанна Имашева.

Сонымен қатар ол заңның жиі өзгеруіне қатысты сұраққа жауап берді.

«Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтті. Егер заңдарды түзетпесек немесе толықтыру енгізбесек, онда ары қарай даму жолын қысқартамыз. Даму жолында экономикамыз өзгеріп жатқанын ескере отып, заңдарды қайта-қайта қарау дұрыс процесс. Барлығын тоқтатып, ештеңе өзгертпесек, бұл өз кезегінде мемлекеттің дамуына теріс әсер етеді. Біз заң қабылдағанда бір дәстүр орнатуға емес, қазіргі уақытқа бейімделуді ойлаймыз. Мәселен, кәсіпкерлер салық деңгейін түсіру және одан босату туралы ұсыныс айтып жатады. Осының бәрі экономикалық жағдайға байланысты қарастырылады. Кәсіпкерлер жақсы табыс алып, дамып жатса, оларға қатысты салықтар қайта пысықталады. Мәжілісте қаралып жатқан бүкіл заңдар қоғамның ұсынысы негізінде қабылданады, құжаттарды халықтың пікіріне сай өзгертеміз», - деді депутат.

Сот саласын реформалау

Снежанна Имашева сот саласындағы жаңа өзгерістер істерді барынша тыңғылықты қарауға ықпал ететінін айтты.

«Сот саласындағы реформа жыл сайын жалғаса береді. Менің өзім Мәжілісте жұмыс істеп жатқаныма 8 жыл болыпты. Жылда сот саласына қатысты заңдарды өзгертеміз, себебі реформа жүріп жатыр. Әрбір реформа заңның түзетілуін талап етеді... Бұл салада елеулі нәтижелер болады деп ойлаймыз. Осының бәрі халықтың пікірі аясында ескеріліп отыр», - деді ол.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық азайды ма?

Биыл сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.

Бұл тұрғыда сұхбат барысында осы заңның қабылдануы қаншалықты әсер етіп жатқаны сұралды.

«Содан бері бес ай уақыт өтіпті. Бұл мерзім - соншалықты ұзақ уақыт емес. Яғни статистикаға сүйенсек те, нақты нәтижені көре алмаймыз. Себебі ішкі процедуралар өзгеріп жатыр. Бұған дейін ұрып-соғу әкімшілік жаза аясында бір хаттамамен толтырылып, тез арада сотқа жолданатын. Ал қазір бұл процесс ұзарды, өйткені қылмыстық процестің ережелеріне сәйкес күдіктіні бірден айыптай алмайсыз. Осы орайда тиісті дәлелдерді жинау керек, адамның үстінен іс қозғалады. Сондықтан бұл бағыттағы рәсімдер біршама ұзарды. Мұнымен қоса, салаға тиісті кадрларды бөлу керек. Өйткені осындай істер көбеюі мүмкін. Мұның бәрін ескере отырып, қазір аталған заңның нәтижесіне қатысты біздің комитетте нақты статистика қалыптасып үлгермеді. Бірақ бір жыл өткеннен кейін осының бастапқы нәтижесін көрсете аламыз», - деді Снежанна Имашева.

Оның сөзіне қарағанда, Президенттің нақты тапсырмасының арқасында зорлық-зомбылыққа қарсы осы заңдар қабылданды. Осыдан кейін жазаны күшейтуге ерекше назар аударылды.

«Атап айтқанда, адамды ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана зиян келтіру қылмыс саналуы тиіс, себебі адам құқығына нұқсан келеді. Бұл бүкіл әлемде қалыптасқан тәжірибе. Ал бізде аталған санаттар әкімшілік кодексте болды. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасының негізінде тиісті нормалар қабылданды», - деді депутат.