Елімізде сирек жер ресурстарымен жұмыс істейтін геологтерді даярлауға басымдық беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда сирек жер ресурстары бойынша жобаларды дамыту үшін геолог мамандарды даярлауға басымдық беріліп жатыр.

Елордада геолог мамандар біліктілікті арттыру курсынан өтті. Оған ел өңірлерінен келген геологтар қатысып, Leapfrog Geo бағдарламасында модельдеуді үйренді. Бұл — имплициттік модельдеу алгоритміне негізделген заманауи үш өлшемді геологиялық моделдеу құралы. Leapfrog Geo жүйесі геологиялық модельдеу саласында әлемдік стандарт ретінде қабылданған. Оны Канададан Аустралияға дейінгі жетекші өндіруші елдер мен консалтингтік компаниялар қолданады.

Бағдарлама күрделі геологиялық құрылымдарды бір кезеңде, көптеген деректі пайдалана отырып құруға мүмкіндік береді. Бұл әдіс геологиялық қаңқаларды құруды дәстүрлі тәсілдерге қарағанда 50%-ға дейін жеделдетеді, бұл қорларды бағалау мен кен орнын игеруді жоспарлау кезінде өте маңызды.
– Бұл құрал геологқа қай жерде қандай ресурстар бар екенін, олардың қалай орналасқанын және модельдің қаншалықты шынайы екенін нақты әрі жедел көрсетуге мүмкіндік береді. Ол JORC, KAZRC деректерінің негізінде халықаралық есеп қалыптасады және олар миллиондаған долларлық инвестицияларға әсер етеді, – дейді ресурстық геолог Марат Вазетдинов.
Қатысушылардың айтуынша, бастысы — интерфейсті меңгеру ғана емес, инженер және ресурстық аналитик сияқты ойлауды үйрену.
– Дұрыс емес жасалған геологиялық болжам барлық модельді өзгертіп жібереді, демек бүкіл қаржылық болжамға әсер етеді. Сондықтан біз адамдарды жай ғана «батырма басуға» емес, не үшін және нені модельдеп жатқанын түсінуге үйретеміз, – дейді Марат Вазетдинов.

Оның айтуынша, саланың өзекті мәселелерінің бірі мамандарды қайта даярлау болып отыр.

– Көптеген керемет геолог заманауи бағдарламалармен жұмыс істей алмайды, себебі оларда оқуға мүмкіндік болмаған. Ал қазір бұл артықшылық емес, қажеттілікке айналды. Біз геологияны ғана емес, цифрлық ортаны да түсінетін кадрсыз саланы дамыта алмаймыз, – дейді сарапшы.
Айта кетсек, 5 сәуір – геолог күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министр Олжас Бектенов геология саласының мамандарына мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Еске сала кетсек, Қазақстанда геология саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы бар.
Былтыр Үкімет басшысы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігін құруға қатысты пікір айтқан еді.