Елімізде табиғат аясында демалуға қанша ақша керек
АСТАНА. KAZINFORM – Баға құбылып тұрған кезде табиғат аясындағы демалысты ұйымдастыру үшін бюджетті алдын ала жоспарлап алған дұрыс. Еліміздің қай өңірінде демалысты сыртта ұйымдастыру арзанға түседі? Kazinform агенттігінің тілшісі таза ауада серуендеп, тамақтану бағасы қанша болатынын анықтап білді.
Мамыр айының демалыстарында қазақстандықтар табиғат аясында тынығады. Су айдындарының, өзендердің жағасында кәуаптың иісі бұрқырап, тәбетті аша түседі. Отбасындағы бес жан үшін дастархан жаю бағасы қанша болады? Орта есепті шығарып көрдік.
Бір отбасына қажетті қаржы көлімін анықтау үшін табиғат аясына қажетті заттардың тізімі жасалды. Біз дайындаған себетке кіретін кәуапқа екі келі сиыр еті, бір келі тауық еті, бес тандыр нан кіреді. Ал көкөністер арасынан қияр мен қызанақ бағасын салыстырдық. Сонымен бірге бізге бір қап ағаш көмірі қажет.
Бағаны салыстырған кезде әдеттегіден жаңғылмағанымызды көруге болады. Еліміздің оңтүстігінде нан мен көкөніс бағасы төмен болып шықты. Алайда бәрінде бірдей емес. Кейбір көршілес облыстарда баға күрт көтеріледі. Еліміздің батысында тауық еті мен ағаш көмірінің бағасы қолжетімді. Ал сиыр еті едәуір жоғары болып тұр. Солтүстік пен орталық өңірлерде логистиканың әсерінен ағаш көмірі мен көкөніс бағасы жоғары. Жалпы табиғат аясында демалу кезінде өңірлер арасындағы айырмашылық кейде 50% жетеді. Мәселе тек ет бағасында емес, қосалқы тағамда болып тұр.
Баға өзгелерге қарағанда Алматы қаласында жоғары. Кәуапқа қажетті ет бағасы 5 200 теңгеден басталып, сом ет құны кейде 6 700 теңгеге жетеді. Себепке қажетті өзге заттардың бағасы төмен болғанымен бір отбасы табиғат аясында тынығуы үшін кем дегенде 19 525 теңге жұмсайды.
Елордада сиыр етінің бағасы сәл арзан. Алайда Астанада тауық еті мен тандыр нан бағасы шарықтап тұр. Ал өзге заттардың құны еліміздегі орташа бағаға сай келеді. Табиғат аясында жиналған кезде шамамен 17 950 теңге қажет болады.
Көршілес Көкшетау қаласында азық-түлік бағасы сәл төмен. Астанаға қарағанда мұнда ағаш көмірі мен көкөніс бағасы ғана жоғары. Тіпті жергілікті қызанақ бағасы еліміз бойынша ең қымбат болып шықты. Демалыстың жалпы шығыны – 17 825 теңге.
Жезқазған қаласының тұрғындары көктемде табиғат аясына шыққан кезде 17 525 теңге шығындайды. Бұл өңірдің тұрғындары ет сатып алғанда ақшаны мол жұмсайды. Ал көкөніс, тандыр нан мен ағаш көміріне жұмсайтын қаржы еліміздегі орташа бағаға сай келіп тұр.
Оңтүстік өңірдегі бағасы жоғары қалалар тізімін Шымкент (16 875 теңге) пен Тараз (16 775 теңге) түйіндеп тұр. Екі келі сиыр еті кем дегенде 9 000 теңге болса, тауық етінің бағасы қолжетімді. Алайда көкөніс пен ағаш көмірінің бағасы табиғат аясындағы демалыс шығынын көбейтін тұр.
Ақтау, Қарағанды мен Қонаев қалаларының тұрғындар да мамыр айындағы демалыстарда 16 000 теңге шығындай алады. Ақтау қаласында сиыр етінің бағасы жоғары, ал Қарағанды мен Қонаевта демалысқа қажетті өзге заттардың құны көтеріліп тұр.
Өскемен, Ақтөбе мен Қостанай қалаларында табиғат аясындағы демалыс құны сәл төмен. Дегенмен мұнда да қажетті заттарды сатып алуға 15 000 теңге жұмсайды. Ақтөбе қаласында екі келі сиыр етіне шамамен 9 500 теңге қажет, ал тауық еті арзанға (орта есеппен 1 350 теңге) түседі. Сонымен бірге бұл өңірде қияр мен қызанақ бағасы да төмен. Қостанай мен Өскемен қалаларында жалпы шығын тауық еті мен көкөніс құнына қарай көтеріліп тұр.
Ал Атырау қаласында таза ауада тынығу үшін кем дегенде 15 100 теңге қажет. Ақтөбе қаласы сияқты мұнда да сиыр етінің бағасы жоғары, ал тандыр нан мен көкөніс бағасы төмен.
Талдықорған, Павлодар, Семей мен Петропавлда кәуап жасау аса қымбат емес. Мұнда еттің бағасы жоғары емес әрі тандыр нан мен көкөніс бағасы төмен. Үш келілік ағаш көмірінің бағасы да еліміздегі орташа құнға қарағанда сәл төмен. Нәтижесінде отбасылық демалысты ұйымдастыруға 14 425 - 14 990 теңге жұмсауға болады.
Түркістан қаласында ағаш көмірінің бағасы жоғары, ал тандыр нан мен ет бағасы төмен. Демалысқа шамамен 14 425 теңге жұмсауға болады. Баға Шымкент пен Тараз қалаларына қарағанда арзанға түседі.
Орал қаласында демалысқа қажетті азық-түлік бағасы өзгеге қарағанда төмен. Жергілікті ет бағасы мен тауық етінің құны қолжетімді. Алайда қияр мен қызанақ бағасы жоғары. Сондықтан еліміздегі ең арзан қала бола алмады.
Қызылорда қаласында мамыр айындағы мейрамдарда табиғат аясында тынығу арзанға түседі. Дәл осы қалада сиыр етінің келісі 3 200 теңге, ал тауық етінің бағасы 1 200 теңге. Сонымен бірге тандыр мен көкөніс құны да төмен. Жалпы бес жаннан тұратын бір отбасы қажетті азық-түлікті 13 175 теңгеге сатып алып, демалысын сәтті өткізсе болады.
Айта кетейік, бұған дейін қияр мен қызанақ бағасы жазылды. Сонымен бірге тал мен көшет бағасын салыстырдық.