Елімізде топырақты қорғау технологиялары енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенатта «Топырақты қорғау туралы» ҚР Заңы және оған ілеспе құжат екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
— «Топырақты қорғау туралы» Заң — еліміздің табиғи ресурстарын сақтау, ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды құқықтық құжат, — деді Сенат депутаты Әли Бектаев.
Оның сөзінше, бүгінде Қазақстанда жел және су эрозиясы, тұздану, шөлейттену, органикалық заттардың азаюы, жайылымдардың тозуы сияқты топырақтың деградациясына алып келетін факторлар көбейіп отыр. Бұл үрдіс ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігіне ғана емес, экологиялық тұрақтылыққа, жер ресурстарының сапасына және тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізіп жатыр.
Сонымен бірге, Әли Бектаев Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті өз міндеттемелерін толық атқарып шыққанын баяндады.
— VIII шақырылым барысында Комитет депутаттарының бастамасымен аграрлық саланы, экологиялық ахуалды кешенді реттеуге бағытталған бірқатар заңдар өмірге келді. Атап айтқанда, «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» заң органикалық егіншілікті дамыту арқылы топырақтың табиғи құнарлығын сақтауға, химиялық жүктемені азайтуға және табиғи ресурстарды басқарудың орнықты жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды нормативтік құжат болды. Сонымен қатар, жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалануға, олардың тозуын төмендетуге, мал жаю жүктемесін ғылыми негізде реттеуге және деградацияланған жерлерді қалпына келтіруге негізделген «Жайылымдар туралы» заң қабылданды. Сондай-ақ «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға құнды топырақ жамылғысын сақтау және табиғи ландшафтардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін нормалар енгізілген болатын. Осылайша, аграрлық комитет депутаттарының бастамашылдығымен жасалған «Топырақты қорғау туралы» заң жоғарыда аталған заңдардың логикалық жалғасы болып табылатын және елімізде топырақты қорғау саласындағы құқықтық негіздерді толық қалыптастыратын дербес заң болайын деп отыр, — деді ол.
Сенатордың айтуынша, Заңдағы маңызды новеллалардың бірі — топырақты қорғау жөніндегі іс-шаралардың толық жүйесін заң деңгейінде бекіту. Оның ішінде, агрохимиялық және мелиорациялық зерттеулер жүргізу, бонитеттеу, мониторинг ұйымдастыру, топырақ қорғау технологияларын енгізу, тыңайтқыштарды ғылыми негізде пайдалану шаралары қарастырылған.
Бұдан бөлек, заң ғылыми зерттеулерді дамытуға, цифрлық технологияларды, қашықтықтан зондтау құралдарын және заманауи мониторинг жүйелерін кеңінен пайдалануға құқықтық негіз қалайды. Бұл жер ресурстарын басқарудың тиімділігін арттырып, топырақтың сапасын уақтылы бағалауға мүмкіндік береді.
— Бір сөзбен айтқанда, «Топырақты қорғау туралы» Заң — аграрлық сектордың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әрі жүйелі заңнамалық бастама, — деп түйіндеді Әли Бектаев.
Айта кетейік, бұған дейін топырақтың құнарлығы туралы мәліметтер бірыңғай базаға енгізілетінін жазғанбыз.