Елімізде тірі донордың 60%-ы отаға жіберілмейді – Болатбек Баймаханов

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Хирург, ғалым Болатбек Баймаханов әлі күнге дейін бүйрек, бауыр ауыстыру отасының 95% тірі донор арқылы жасалатынын айтты. Бұл мәйіттік донор отасына қарағанда 100 есе қиын шешім.

Более 16 тысяч казахстанцев согласились стать посмертными донорами органов
Фото: Pexels

Ақтөбеде «Қазіргі заманғы хиругияның өзекті мәселелері» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Оған шетелден және елімізден медицина саласының 100-ден астам қызметкерлері қатысты. Басқосуда бауыр, бүйрек трансплантациясы тақырыбы да қозғалды. Хирург, ғалым Болатбек Баймахановтың айтуынша, бауыры ауырып, ағза ауыстыруға шешім қабылдаған науқастың бар болғаны бір жылдық уақыты бар. Ал бүйрегі сыр бергендердің ғұмырын тек гемодиализ ұзарта алады.

- Негізі қажеттіліктің 90% мәйіттік донор жабуы керек. Ал біз ағзаның 95%-ын тірі донордан аламыз. Ол өте қауіпті және жауапкершілігі мол шешім. Сондықтан да мәйіттік донорды дамытуымыз керек. Қазір сәл өзгеріс бар. 10 күннің ішінде 5 донор пайда болды. Жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Бүйрек жетіспеушілі ауруына шалдыққандар 5 - 10 жыл бойы гемодиализбен жүре береді. Соған қарамастан жыл сайын осы дертке шалдыққан науқастардың 10 пайызы қайтыс болады. Ал бауыр ауыстыруды қажет ететін науқастардың бір жыл ғана уақыты бар. Бір жылда ауыстырмаса қайтыс болады. Қазір елімізде бауыр ауыстыру отасын күтіп отырған 300-ге жуық адам бар. Өзімнің жинаған ақпаратыма сүйенсем, кемінде мың адамға ота керек. Онда да балаларды қоспағанда,- деді хирург, ғалым Болатбек Баймаханов.

Елімізде кез келген адам келісім бере алады және бас тартуға құқылы. Көбіне басына іс түскен, жақыны осы дертке шалдығып, дерттің ауырлығын түсінген адам ғана рұқсат береді.

- Мәйіттік донорға қарағанда тірі адамның ағзасын алып, салу 100 есе қиын. Ал мәйіттік трансплантацияны 1-2 сағатта жасауға болады. Бәрі де заңға, адамдардың қолдауына байланысты. Өз ұлтымыздан мәйіттік донор болатыны аз. 120 мәйіттік донор болса, оның біреуі ғана қазақ. Сонымен бірге тірі донордың бәрі де донор бола алмайдыы. Біз тірі донордың 60%-ын қабылдамаймыз. Себебі олардың өміріне қауіп төнбеуі керек,- деді ол.

Ақтөбе облысында қазір 400-ге жуық науқас күту парағына жазылған. Олардың көбі бүйрек жетіспеушілігі дертіне шалдыққан. Соңғы рет мәйіттік донор отасы осыдан 8 жыл бұрын жасалды. Одан кейін ешкім де рұқсатын бермеген.

- Инсульт, бас-ми жарақатын алған науқаста бас-ми өлімі тіркелгеніне қарамастан туған-туыстары ағзасын алуға рұқсат бермейді. Өкінішке қарай ешкім келіспейді. №1 қалалық ауруханада жыл сайын инсульттан 300 адам қайтыс болады. Соның 10 пайызы келіссе де көп адамды құтқаруға болады, - деді трансплантолог дәрігер Мылтықбай Рысмаханов.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда 11 трансплантация орталығы жұмыс істейді және трансплантацияны үйлестірудің үш деңгейлі жүйесі жолға қойылған.