Елімізде тұтынушылар құқығын қорғау омбудсмені институты құрылады

АСТАНА.KAZINFORM — Тұтынушылардың құқығын қорғау саласында омбудсмен институты құрылады.

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Бұл туралы ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов айтты.

— Жаңа заң қабылданған соң Омбудсмен институты құрылады. Мәселен, бизнес саласында біраз уақыттан бері Бизнес омбудсмен институты жұмыс істейді. Қазақстанның 20 млн халқы да тұтынушы болып саналады. Әзірге ондай институт жоқ, ол институт заң қабылданған соң болады. Омбудсменді Үкімет тағайындайды, яғни ол жоғарғы деңгейде тағайындалатын болады, — деді ол.

Сондай-ақ, комитет төрағасының орынбасары өткен жылы тұтынушылар қай салалардағы қызметке көп шағымданғанын айтты. 

— 2024 жыл бойынша 60 мыңнан астам шағым түсті. 2023 жылы 50 мыңнан астам шағым болды, яғни шағым саны 12 мыңға жуық өскен. Оның 35 пайызы — бөлшек саудаға, 23 пайызы — электрондық саудаға, 8 пайыздан астамы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына, 5 пайызы — байланыс қызметтеріне, қалғаны көлік, медицина, туристік қызметтерге қатысты. Өткен жылы соттарда өз күшімен тұтынушылар 2 млрд-тан астам теңгеге құқықтарын қалпына келтірген. Оның ішіне материалдық және моральдық шығындар кіреді, — деді Серік Құсайынов.

Еске сала кетсек, елімізде 2023 жылдың қыркүйегінен бері Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Қазір ол Мәжілістің қарауында.

Бұған дейін тұтынушылар жаңа заң қабылданған соң 4 сатылы шағымдану кезеңдерінен өтпестен, бірден сотқа жүгіне алу мүмкіндігі енгізілетіні жайлы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар