Еліміздегі вокзалдарды жаңғыртуға 100 млрд теңге жұмсалады
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңғырту жұмыстары 124 вокзалда жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Төрегелдин Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында мәлімдеді.
— Қазір 124 вокзал кең көлемде жаңғыртылып жатыр. Бұл жұмыстар басталғанға дейін техникалық аудит жүргізілді. Нәтижесінде, 37 вокзалды бұзу қажеттігі анықталды. Сонымен қатар, вокзалдардың 80%-ының қолдану мерзімі өтіп кеткен. Сондықтан олар да жаңғырту бағдарламасына енгізілді. Бұл жұмыстардың аясында ескі ғимараттар жөнделіп, жаңа нысандар салынып қана қоймайды, сонымен бірге, негізгі платформалар және байланыс жүйелері жөнделеді. Одан бөлек, құрылғылар мен жиһаздарды ауыстыру мәселесі бар, — деді ол.
Сондай-ақ, Мұрат Төрегелдин 124 вокзалды жаңғыртуға шамамен 100 млрд теңге жұмсалатынын атап өтті. Бұл қаржы еуро облигациялар арқылы қарызға алынған.
Айта кетейік, бұған дейін әйелдер вагондарымен 860 мың жолаушы тасымалданғанын жазғанбыз.