Еліміздегі жалғыз стационарлы планетарийдегі аппараттың қолданысқа берілгеніне жарты ғасырдан асты
Ақтөбе облыстық пленетарийі 1967 жылы ашылған. Сол кезде немістер сыйға берген аппарат әлі күнге кәдеге жарап тұр. Арада 50 жылдан астам уақыт өткенімен бұл мекеме — еліміз бойынша жеке-дара коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып, келушілерге қызмет етіп келе жатқан жалғыз стационарлы планетарий. Kazinform тілшісі аспан денелерін қызықтап, ой-танымын кеңейтуге болатын планетарийдің бүгінгі тынысымен танысты.
Немістер сыйға берген аппарат бірнеше жыл қоймада жатты
Ақтөбе қаласының оқушылары мен студенттері жиі баратын орынның бірі — облыстық планетарий. Мұнда келушілер алдымен ғарышкерлердің өмірімен танысып, олар тұтынған заттарды өз көзімен көре алады. Одан әрі планетарий мамандары аспан денелерімен таныстырып, күмбезді залға кіргізеді. Онда оқушылардың таным көкжиегін кеңейтуге арналған бірнеше дәріс бар. Келушілер жас ерекшелігіне қарай таңдалып, таныстырылады. Бұл планетарий мамандарының негізгі жұмысы.

Жалпы, Ақтөбе облыстық планетарийінің тарихы қызықты. Мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорнының директоры Қорлан Бөлековтың айтуынша, аппаратты немістер сыйға беріп, біраз уақыт қоймада жатып қалған.

— Планетарий — аппараттың аты. Планетарий аппаратының көмегімен жұлдыздар әлемін көруге мүмкіндік туады. Кітапханада кітап болмаса, кітапхана деп есептелмейді. Сол секілді планетарий аппараты болмаса, планетарий мекемесі де болмайды. Жалпы әлемде 4 мыңға жуық планетарий бар. Оның тең жартысы АҚШ-та, 40% Еуропа елдерінде, 10% жуығы Жапонияда, ал 1% жуығы ТМД елдерінде. Біріншіден, ол Кеңес үкіметі кезінде де көп дамымаған, салынбаған. Екіншіден, арнайы күмбез болуы керек. Сондықтан Кеңес үкіметі кезінде мешіт пен шіркеудің күмбезін қолданды.

Ресейдегі 70-ке жуық планетарийдің шамамен 30-40% шіркеуде орналасқан. Ақтөбедегі планетарийдің бұл әңгімеге қатысы жоқ.
1967 жылы Қазақстан бойынша тұңғыш стационарлы планетарий Ақтөбеде ашылды. Тарихы да қызықты. Өткен ғасырдың 60-жылдары Ақтөбе облысы астықтан мол өнім алады. Халықтар арасындағы достық ретінде Германияға бірнеше вагон астық жібереді. Астықты алған соң немістер «сыйға — сый» деп бізге аппаратты береді. Ол кезде Еуропаның технологиясы жақсы дамыған еді. Жеткізілген аппарат қоймаларда жатады. Қанша уақыт солай болғанын әлі күнге дейін ешкім білмейді.

Ағаш жәшікке салынған, немісше жазылған жәшікке ешкім қызықпаған ғой. Кейін біреу байқап, аппараттың мықты екенін дәлелдеп, облыстағы бірінші хатшы Николай Жумин деген кісіге хабарлап айтады: «керемет аппарат жатыр, соны пайдалану керек» деп. Николай Журин осы жобаны алып, жерді таңдап, 1966 жылы планетарий құрылысы басталады.

Қорлан Бөлековтің айтуынша, елімізде планетарий өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап салынған. Онда да Д.Қонаевтың тапсырмасымен Алматыдағы оқушылар сарайы жанынан ашылды.
Ал 2009 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Халықаралық астрономия жылы болып жарияланып, «Бөбек» орталығында тағы бір планетарий қолданысқа берілді. Соңғы жылдары оқушылар сарайы жанын планетарий ашу қолға алынып, еліміздің бірнеше қаласында іске қосылды. Бір айта кететін жайт, бұл орталықтағы планетарийдің бәрі үйірме түрінде жұмыс істеп тұр.Тек Ақтөбе планетарийі мемлекеттік тіркеуден өткен, арнайы жарғысы бар, штат кестесі бекітілген жалғыз стационарлы мекеме.

Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде 2 млн адам келді
Ақтөбе облыстық планетарийі орналасқан орын бір кездері балаларға арналған аумақ болды. Сол маңда балалар дүкені, кітапхана, емхана, балабақша қызмет көрсетіп, келушілерге бар жағдай жасалды. Қазіргі кезде көбі бизнес нысанына айналып, жалғыз планетарий орнын сақтап қалды. Мұнда оқушылардың қызығушылығына қарай, түрлі дәріс әзірленді.
— Компьютер бар, интернеттен бәрін алуға болады деп айтып жатыр. Иә, қалтамыздағы телефон сияқты планетарий аппараттары да жетіліп, цифрланып, неше түрлі ауқымға енді. Қазір кез келген адам планетарий аппаратын сатып алып, үйінен қарауға болады. Оған ешқандай шектеу жоқ. Дегенмен мұнда арнайы мамандар жұмыс істейді, бәрін түсіндіріп, таныстырады. Қазақстанда жалғыз болған соң іс-тәжірибе алмасып, бір-бірімізбен білгенімізді бөлісу үшін Ресеймен байланыс орнатып отырмыз. Ірі қалаларындағы планетарийге басымдық бердік, — деді мекеме директоры.
56 жыл ішінде мұнда 2 миллионнан астам адам келіп, қызықтаған. Сондықтан ақтөбеліктердің сұранысына сай жаңасын салу, оны заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз ету сұрағы жиі қозғалып жүр.
— Астрономдарды арнайы дайындайтын оқу орындары болмады. Оның үстіне кеңестік оқу жүйесінде 10-класта бір-ақ жыл, аптасына бір рет астрономия пәні өтетін. Кейін оны да алып тастады. Қазір астрофизика деген шықты. Маман мәселесіне келгенде физика пәнінің мұғалімдері жұмыс атқарады. 5-6 жылдан бері Алматыдағы ұлттық университетте мамандар дайындайды, астрономдар деген. Сол астрономдардың алды келіп, қазір жұмыс істеп жатыр. Ол да шешіліп жатқан мәселе. Ал жаңа нысан салу туралы айтар болсам, Қазақстанда тұңғыш планетарий осы жерде ашылды. Соны жаңғыртуымыз керек деген әңгіме 20 жылдан бері айтылып келе жатыр. Жобамыз бар. Құрылыс әуежай аумағында жүргізіледі деп те айтылды. Қалай болғанда да Ақтөбеден салынады. Мүмкін 2, бәлкім 5 жылдан кейін шығар. Мен соған сенемін. Жалпы, қазірде планетарий Еуразиялық ынтымақтастық планетарий қатарына енді. Бұл жерде бұрынғы ТМД елдерінің планетарийлері бірігіп, қауымдастық құрдық. Қазіргі қиын нәрсенің бірі — сандық аппаратқа байланысты арнайы бағдарламасын жасау. Бағдарлама кезінде келуші балалардың жасы мен қызығушылығын ескеру керек. Бастауыш сынып баласына жоғары сыныптың ақпаратын бере алмаймыз. Осы тұрғыдан келгенде әзірге біздер аударма арқылы істеп тұрмыз. Сонымен бірге қазақи астрономиямызды енгізуіміз керек. «Жеті қарақшыны білген, жітіқараңғы түнде адаспайды» деген мақалымыз бар. Түрлі аңыз әңгіме де жетерлік. Болашақ ұрпаққа дәріптеп, айтып отыруымыз керек. Алдымызда тұрған мақсатымыз осы. Қазірдің өзінде үйлестіріп жатырмыз. Арнайы бағдарлама жасап, цифрлық аппаратпен көрсетсек, ол да керемет нәрсе болады, — деді Қорлан Бөлеков.
Планетарийде 40-қа жуық дәріс бар. Бәрі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің халыққа жалпы білім беру бағдарламасына негізделіп жасалған. Оқушылар теориялық білімін планетарийде жетілдіреді. Сонымен бірге 2012 жылдан бері мұнда мобильді планетарий бар. Кез келген мектепке барып, 25-30 балаға дәріс өткізеді.

Жаманшың кратері туралы үш тілде кітап жарыққа шығады
Облыстық планетарий Жаманшың кратерінің тарихын танытуға да үлес қосып келеді. Шамамен миллион жыл бұрын түзілген кратер зерттеліп, ғылыми дәлелдер бір ізге түскенімен, қызығушы ғалымдар саны соңғы жылдары қайта арта түскен.
— Әлем ғалымдарының назарын аудару мақсатында конференция өткізілді. Жаманшың аспан денесі құлаған кратер деп дәлелдеген ғалым Павел Флоренсикий өзі келіп, қатысты. Қазір шетел ғалымдарының қызығушылығы арта бастады. Францияның кратерлерді зерттеу одағының ғалымдары келіп, қарады. Аса көңіл аударғаным, бірден аппаратпен қарап, жазып, спутник арқылы енгізіп отырды. Бұл жер болашақта ашық аспан астындағы музей болады деп сенеміз. Ол үшін инфрақұрылымның болғаны дұрыс. Жаманшың — қазақ жеріндегі табиғаттың таптырмас бұрышы. Жұмысымыз соны дәріптеу. Жаманшың кратері жөнінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде материалдар жинақталып тұр. Кітапты шығарамыз, — деді Қорлан Бөлеков.

Жас маман «Үркер» үйірмесіне жетекшілік етеді
Алматыдағы ұлттық университетті физика-астрономия мамандығы бойынша тәмамдаған Әсем Таңатарова қазір Ақтөбе планетарийінің әдіскер-дәріскері. Ол бір кездері осы мекемедегі үйірмеге қатысып, дәріс алған. Арада жылдар өткенде өзі әдіскер болып отыр.
— Мектеп оқушылары астрономияға қызығады. Әрқайсысының жобалары болады. Олар кейде Алматы қаласындағы «Бөбек» абсерваториясына барып келіп жүр. Жарыс, байқаудың көбі күзде болады. Тек ел ішінде емес, шетелде ұйымдастырылған жарыстарға да қатысып, жүлдегі орындарға ие болып жүр балалар. Астрономия үлкен ғылым, үйірмеде есеп те шығарылады, — деді Әсем Таңатарова.
Оқушылар алғашында қызығып, топ болып келгенімен, кейін арасында шыдамдысы іріктеліп қалады. Қазіргі кезде онға жуық оқушы тәлім алып жүр.
