Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Еліміздің алдында 50 млрд тонна техногендік қалдықты игеру міндеті тұр - ғалым

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан тау-кен саласында техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу, күрделі құрамды кендерді игеру және пайдалы қазбаларды жер бетіне шығармай өндіру технологияларын дамыту бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының президенті Нұрлан Рыспанов мәлімдеді.

Қазақстан-Қытай түсті металлургияны орнықты дамыту форумы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның айтуынша, академия алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – кен құрамындағы технологиялық тұрғыдан күрделі қоспалармен, яғни «penalty elements» деп аталатын элементтермен күресу.

– Қазақстан кен орындарының ерекшелігі – олардың күрделі химиялық құрамында. Кейбір кен орындарында негізгі пайдалы компонентті бөліп алуға кедергі келтіретін элементтер кездеседі. Осы бағыттағы ғылыми-технологиялық шешімдерді әзірлеу маңызды, – деді Нұрлан Рыспанов Қазақстан-Қытай түсті металлургияны орнықты дамыту форумында.

Сондай-ақ ол техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеуге тартудың маңызды екенін айтты. Бүгінде Қазақстан аумағында жер бетінде 50 миллиард тоннадан астам осындай қалдықтар жинақталған және олардың көлемі жыл сайын артып келеді деп атап өтті.

Маманның сөзінше, мұндай қалдықтарды өңдеуде үйінділік және чандық шаймалау технологиялары қолданылады. Сонымен қатар Қазақстан кәсіпорындарында металдарды еріткішпен экстракциялау және электролиз арқылы алу әдістерін біріктіретін Leach SX-EW технологиялары енгізіліп келеді.

– Бүгінде біз 30 жыл бұрын қалдырылған ескі шаймалау үйінділерінен металдарды қайтадан алу мәселесін өзекті деп санаймыз. Заманауи биотехнологиялар құрамында тотыққан және сульфидті кендері бар аралас кендерді қосымша тотықтыруға және оларды қайтадан үйінділік шаймалауға мүмкіндік береді. Осылайша ескі шаймалау үйінділеріне екінші өмір сыйлаймыз, – деді ол.

Нұрлан Рыспановтың айтуынша, техногендік қалдықтар мәселесін толық шешу үшін кен өндіру тәсілдерін де өзгерту қажет. Оның пікірінше, болашақта пайдалы қазбаларды кенді жер бетіне шығармай өндіретін технологияларға басымдық берілуі тиіс.

– Бұл, ең алдымен, металдарды олардың жатқан орнында жерасты ұңғымалық шаймалау әдісі арқылы алу технологиясы, – деді академия президенті.

Ол Қазақстанның уран өндіру саласындағы тәжірибесін мысалға келтірді. Қазақстан уран өндіру көлемі бойынша әлемде көш бастап келеді, ал бұл салада жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясы 40 жылдан бері қолданылып келеді.

– Бүгінде Қазақстанда 20-дан астам жерасты ұңғымалық шаймалау кеніштері жұмыс істейді. Олар жылына 25 миллион килограмнан астам уран өндіреді, – деді Нұрлан Рыспанов.

Оның айтуынша, Қазақстандағы уран кендерінің ерекшелігі – құрамындағы пайдалы компонент мөлшерінің төмендігіне қарамастан, заманауи технологиялар арқылы әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуында.

– Біз құрамындағы уран мөлшері шамамен 0,02 пайыз болатын кенмен жұмыс істейміз. Соған қарамастан жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясы бізге жоғары құрамды кен орындарымен бәсекелесуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Академия президенті бұл технологияларды басқа металдарға да енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, мыс, алтын, боксит, фосфор және басқа да пайдалы қазбаларды игеруде биотехнологиялық шаймалау әдістерін қолдану перспективалы бағыттардың бірі саналады.

– Биотехнологиялық шаймалау бізге жаңа мүмкіндіктер ашады. Тотыққан кендерді шаймалау арқылы игеруге болады, ал сульфидті кендерді сол кен құрамында өмір сүретін бактериялардың көмегімен тотықтыруға мүмкіндік бар, – деді Нұрлан Рыспанов.

Ол Қазақстанның уран өнеркәсібін дамыту тәжірибесіне тоқталып, 1980 жылдары карьерлер мен шахталардан жер асты ұңғымалық шаймалау технологиясына көшу кезінде бірқатар технологиялық және әлеуметтік мәселелер болғанын айтып, 25 жыл ішінде бұл мәселелер шешілгенін атап өтті.

Нұрлан Рыспанов Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінің тарихы 110 жылдан асады және әлі де толық игерілмеген көптеген кен орындары мен зерттелмеген аумақтар бар екенін айтты.

– Қазақстан картасына қарасақ, кен орындарының көпшілігі өңірлік орталықтардың маңында орналасқанын көреміз. Ал қаншама кен орындары әлі игерілмеген, қаншама аумақ зерттелмеген күйде жатыр. Бұл біздің ортақ болашағымыз бен даму мүмкіндігіміз, – деп қорытындылады ол.

Бұған дейін Қазақстан мен Қытай шекара маңындағы кен орындарын бірлесіп игеруі мүмкін екенін жазғанбыз.