Еліміздің басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз — Қазгидромет
АСТАНА. KAZINFORM — Синоптиктер 17 сәуірде еліміздің бірқатар аймағында қолайсыз ауа райы болатынын ескертті.
Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронтальды жүйелердің өтуімен тұрақсыз ауа райы сақталады. Еліміздің басым бөлігінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады.
Республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауып, еліміздің солтүстік-шығысында, шығысында, орталығында, оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жауын-шашынды болады. Сондай-ақ көктайғақ болып, кей уақыттарда қатты қар аралас жаңбыр, бұршақ жауып, дауыл тұрады.
Еліміздің барлық аймағында тұман болып, жел күшейіп, оңтүстікте шаңды дауылмен жел соғады.
Түркістан облысының тау бөктерінде, оңтүстік-батысында, Жамбыл облысының тау бөктерінде, Алматы облысының оңтүстігінде, шығысында кей уақыттарда 30 м/с және одан жоғары өте қатты жел соғады.
Сондай-ақ аталған өңірлердің кей аумақтары мен Абай облысының оңтүстігінде жоғары өрт қауіпі сақталады.
Бұған дейін Жетісу облысында күн күрт суытып, облыстың шығысында және таулы аймақтарында жауын-шашынның мол түсетіні болжанған.