Еліміздің оңтүстігіндегі 103 ирригациялық каналды автоматтандыру басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі 103 ирригациялық каналды автоматтандыру басталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.

а
Фото: Су ресурстары министрлігі

- Су үнемдеу технологияларын ауыл шаруашылығында қарқынды енгізу үшін 2026-2028 жылдарға инвестициялық шығындарды өтеуге және суару суының құнын субсидиялауға республикалық бюджеттен қаржыландыру төрт есеге арттырылды. Алдыңғы үш жылдық кезеңде 55,5 млрд теңге болса, 2026-2028 жылдарға 228,1 млрд теңге бөлінді. Оның 89 пайызы 5 оңтүстік облысқа тиесілі, - деді ол.

Министрдің айтуынша, вегетациялық маусымның басталуына дейін барлық дайындық жұмысы аяқталды. Вегетацияаралық кезеңде тәуекелдерді азайту мақсатында «Қазсушар» филиалдары 1840 шақырым ирригациялық каналдарды механикалық тазалауды жүргізді. 680 шақырым ирригациялық желілерді реконструкциялады және 375 гидротехникалық құрылысты жөндеуден өткізді.

- Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін «Қазсушар» филиалдары 181 насос агрегатын дайындады. Сонымен қатар ең қиын учаскелерге қосымша 92 насос сатып алу жоспарлануда. Мысалы, «Достық» трансшекаралық каналында 8 агрегаттан тұратын 3 насостық станцияны іске қосу көзделіп отыр - - деді Нұржан Нұржігітов.

Оның атап өтуінше, су шаруашылығын цифрландыруға ерекше мән беріліп отыр. Ислам даму банкінің қолдауымен еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі 103 ирригациялық каналды автоматтандыруды басталды. Бұл каналдардың жалпы ұзындығы 906 шақырымды құрайды және 65 мың гектар жерді суғаруға мүмкіндік береді.

- Бұдан бөлек, 2026-2028 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, бұрын жаңғыртылған өткен тағы 270 каналды автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде, - деді министр.

Айта кетейік, Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарының барысы талқыға салынып жатыр.