Үкімет көктемгі дала жұмыстарын пысықтайды


АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарының барысы талқыға салынады.

Үкімет көктемгі дала жұмыстарын пысықтайды
Фото: Үкімет

Күн тәртібіне шығарылған мәселе талқыланып болғаннан кейін БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Онда Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров, ️Вуыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев тілшілер тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.
Айта кетейік, еліміз бойынша биылғы егіс алқабы — 23,8 млн гектар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Тұқым қоры толық, атап айтқанда, 2,3 млн тонна тұқым дайындалды, оның 1,5 млн тоннасы сапа тексеруінен өткен. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілерін минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары қатар жүргізілуде. Жоспарланған 2,3 млн тонна көлемнің ішінде 827 мың тоннаға келісімшарт жасалып, оның 586 мың тоннасы жөнелтілген.

Егіс науқанын табысты өткізудің негізгі көрсеткіштерінің бірі — жанар-жағармаймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта биылғы жылға 2026 жылға сала өкілдері үшін 402,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бір литрдің құны 281 теңге, бұл нарықтық бағадан 15% төмен.

Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 98%-ға жетті, ал жаппай далалық жұмыстар басталғанға дейін 100%-ды қамтымақ. Қазіргі уақытта шаруалардың қолында 133,9 мың трактор, 5,6 мың заманауи егіс кешені, 71,4 мың тұқым сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу техникасы бар.

2026 жылғы егін егу маусымына арналған ауыл шаруашылығы дақылдарын құрғақшылықтан сақтандыру мерзімі ұзартылды. Бұл шара еліміздің 11 өңіріндегі аграрлық сектор өкілдерін қамтиды. Атап айтқанда, бағдарлама Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында жүзеге асырылады.
Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер дәнді және майлы дақылдарды сақтандыру мүмкіндігіне ие. Дәнді дақылдар бойынша үш кезеңді сақтандыру 15 мамыр мен 15 тамыз аралығын, ал екі кезеңді сақтандыру 15 маусым мен 15 тамыз аралығын қамтиды. Майлы дақылдар үшін үш кезеңді сақтандыру мерзімі 15 маусымнан 14 қыркүйекке дейін, ал екі кезеңді сақтандыру 15 шілдеден 14 қыркүйекке дейін белгіленген.
Мемлекет тарапынан сақтандыру жүйесіне қолдау көрсетіліп, сақтандыру полисі құнының 80 пайызы субсидияланады. Бағдарламаны іске асыру бойынша төлемдердің операторы — «Аграрлық несие корпорациясы».

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында өткен жылыту маусымы қорытындыланып, алдағы кезеңге межеленген жұмыстар пысықталған еді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша сөз алғанЭнергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы жүйелі ұйымдастырылған жұмыстың арқасында тұрақты өтті. 

Жылыту кезеңінде ірі технологиялық сипатта құқық бұзушылықтар болған жоқ. 

Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілді. 2025 жылы электр станцияларында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру алдыңғы кезең деңгейінен 348 млрд теңгеге дейін 6 пайызға ұлғайтылды. Жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 16 пайызға ұлғайтылып 129 млрд теңгеге дейін жеткізілді.

— Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында электр станцияларында бекітілген кестеге сәйкес, биыл 9 энергоблокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 4 энергоблокта, 18 қазандықта және 7 турбинада жөндеу жұмыстары түрлі кезеңдерде жүргізіліп келеді. 1 қазандық пен 1 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды, — деді вице-министр. 

Ал «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың дерегінше, 2025 жылы электр энергиясын өндіру 5,2 млрд кВт/сағатқа немесе 4,4 пайызға өсті. 2026 жылғы 1 қаңтарда электр станцияларының жалпы белгіленген қуаты 26,8 ГВт-қа жетті. Оның ішінде 51 пайызы — көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары (13679,0 МВт), 26 пайызы — газбен және мазутпен жұмыс істейтін жылу электр станциялары (6846,8 МВт), 9 пайызы — гидроэлектр станциялары (2534,8 МВт), 14 пайызы — жаңартылатын энергия көздері (3746,3 МВт). 

Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа Екібастұз ГРЭС-терінің жұмысында ешқандай олқылық болдырмауды, Алматыдағы үшінші Жылу электр орталығы құрылысын уақытылы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар Үкімет басшысы өткен жылыту маусымы аса бір қауіпті апаттық жағдайларсыз өткенін айтып, енді келесі жылыту маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз ету керектігіне назар аудартты. 

— Бұл — өңірлердің алдында тұрған негізгі міндет. Энергия көздері мен желілік жабдықтарды жөндеу және ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстарды жалғастыру қажет. Жылу желілерін дер кезінде әрі сапалы сынақтан өткізу керек. Ойланып-толғанып жүруге уақыт жоқ. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс. Жаз бойы жұмысты күшейтіңіздер. Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп жатыр, — деді ол.

Мұнан бөлек, Премьер-министр жауапты орталық орган басшылары мен әкімдерге мынадай нақты тапсырмалар берді: 

— өңір әкімдіктері екі апта мерзімде барлық конкурстық рәсімдерді өткізіп, жөндеу жұмыстарына нақты кірісуі қажет;
— жылумен қамтамасыз ету нысандарын жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңынан кешіктірмей аяқтау керек;
— Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, өңір әкімдіктері 1-ші қыркүйекке дейін білім беру және денсаулық сақтау нысандарының толығымен дайын болуын қамтамасыз етуі тиіс;
— солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде — 15 қазанға дейін толық әзір болуы қажет;
— әкімдерге жылу нысандарына тұрақты негізде барып, жағдайды жеке бақылауға алуға міндетті;
— «KEGOC» компаниясы Энергетика министрлігімен бірлесіп, 25 мамырға дейін ұлттық маңызы бар станцияларға арналған жабдықтардың жұмыс режимдерін бекітуі керек;
— Энергетика министрлігі Көлік министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін жылу көздері мен теміржол тұйықтарында отын қорын алдын ала жинақтауды қамтамасыз етуі тиіс.