Елімізге жұмыс істеуге Қытай, Түркия, Үндістан азаматтары көп келеді

шетелдік жұмысшылар
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қазақстанда жыл сайын шетелден жұмыс күшін тартуға квота саны қысқарып жатыр. 2022 жылы 28,3 мың квота бөлінсе, былтыр ол едәуір азайып, 22,2 мың болған. Ал биыл тағы 200-ге қысқарып, 22 мың квота бөлінді. Еліміз қай елдерге және қандай мамандарға квота бөліп, жұмыс ұсынады? Толығырақ Кazinform тілшісіне еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтып берді.

Ұлттық еңбек нарығын қорғау

Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, елімізде ұлттық еңбек нарығын қорғау – «Халықтың көші-қоны туралы» заңның негізгі қағидаттарының бірі. Бұл үшін бірқатар құрал қарастырылған. Оның ішінде жыл сайынғы квотаны белгілеу және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жұмысқа рұқсат беруі бар. Яғни, шетелден тартатын қандай мамандарға квота берілетіні әкімдіктердің қажеттіліктеріне қарай жасақталады.

Біріншіден, шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота жергілікті атқарушы органдардың қажеттіліктері негізінде белгіленеді. Ол кезде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санының болжамы, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы бітірушілердің саны ескеріледі. Шетелдік жұмыс күшін тарту болжанатын мамандар да қажет мамандардың тізіміне сәйкес болады, – деді бірінші вице-министр.

Спикердің сөзінше, Қазақстан аумағына шетелдiк жұмыс күшiн тарту тәртiбi жұмыс берушiлерге шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсат беру немесе ұзарту, сондай-ақ корпоративiшiлiк ауыстыру қағидаларымен және шарттарымен реттеледi. Жұмыс берушілер шетелден маман тарту үшін egov.kz арқылы өтініш береді. Толығырақ мына жерден оқуға болады.

еңбек мигранттары
Инфографика: Kazinform

 

2022 жылға арналған шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы жұмыс күшінің 0,31% немесе 28,3 мың адамға беріледі деп жоспарланған, алайда сол жылы жергілікті атқарушы органдар шетелден маман тартуға 14 296 рұқсат берді. Яғни, квотаның тең жартысы игерілмей қалған. Ал келгендердің ішінде құрылыс саласына, тау-кен өнеркәсібіне жұмысқа тұрғандар көп. Ал, елдерге тоқталсақ, Қытай, Түркия, Үндістан көш бастап тұр, – деп атап өтті Ақмәди Сарбасов.

еңбек мигранттары
Инфографика: Kazinform

 

Квота жылдан-жылға азайып жатыр

Спикердің айтуынша, былтыр 2022 жылға қарағанда квота саны 6,1 мыңға (22,2 мың квота) азайған және жергілікті атқарушы орғандар 14 588 адамға жұмыс істеуге рұқсат берген. Олардың қатарында басшы және оның орынбасары лауазымына 412 адам, ал құрылымдық бөлімшелердің басшысы болып 2906 адам елімізге келген. Шетелден келген жұмыс күшінің арасында маусымдық жұмыс мақсатымен 2 219 адам рұқсат алған.

еңбек мигранттары
Инфографика: Kazinform

 

Биыл шетелден жұмыс күшін тартуға жалпы жұмыс күшінің 0,23% немесе 22 мың квота бөлінді. Ал 1 сәуірге дейінгі статистикаға сүйенсек, елімізде шетелдік 13 536 азамат жұмыс істеп жатыр. Бұл бұрыннан істеп жатқандарды қоса алғандағы көрсеткіш. Ал биыл 3 581 рұқсат берілді. Оның ішінде 92 басшы мен орынбасары бар. Өңірлерге бөліп қарасақ, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Астана және Алматы қалаларында шетелдік жұмыс күші импорты басым, – деп түйіндеді Ақмәди Сарбасов.

еңбек мигранттары
Инфографика: Kazinform

Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сүйенсек, 2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда құрылыс секторында орташа айлық жалақы 469 745 теңге, тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда 759 977 теңге, ауыл, орман және балық шаруашылығында 220 287 теңге, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет 526 267 теңге, өңдеу өнеркәсібінде 415 125 теңге болған.

Айта кетейік, былтыр Қазақстанға Орталық Азия елдерінен 9377 адам келіп, 385 адам кеткен. Яғни, көршілес елдерге кетушілерге қарағанда ол жақтан қоныс тепкендер бірнеше есе көп. Сарапшылар бұл үрдіс биыл да жалғасады деп отыр. Себебі көбіне Ресейге табыс үшін барған Орталық Азия азаматтарының басым бөлігі Мәскеудің солтүстік-батысындағы «Crocus City Hall» концерт залындағы терактіден кейін Қазақстанға және басқа елдерге кеткен. Орталық Азиядағы соңғы бірнеше жылдағы көші-қон үрдістеріндегі маңызды өзгерістер қандай және олар аймақ экономикасы мен қоғамына қалай әсер етіп жатыр? Бұл туралы мына жерде жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
telegram