Мәскеудегі теракт жаңғырығы: Орталық Азиядағы миграция қалай өзгеруі мүмкін

Орталық Азия
Коллаж: tass.ru/ratel.kz

Былтыр Қазақстанға Орталық Азия елдерінен 9377 адам келіп, 385 адам кеткен. Яғни, көршілес елдерге кетушілерге қарағанда ол жақтан қоныс тепкендер бірнеше есе көп. Сарапшылар бұл үрдіс биыл да жалғасады деп отыр. Себебі көбіне Ресейге табыс үшін барған Орталық Азия азаматтарының басым бөлігі Мәскеудің солтүстік-батысындағы «Crocus City Hall» концерт залындағы терактіден кейін Қазақстанға және басқа елдерге кеткен. Орталық Азиядағы соңғы бірнеше жылдағы көші-қон үрдістеріндегі маңызды өзгерістер қандай және олар аймақ экономикасы мен қоғамына қалай әсер етіп жатыр? Толығырақ Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыз.

Биыл 22 наурызда Мәскеудің (Ресей Федерациясы) солтүстік-батысындағы «Crocus City Hall» концерт залында теракт болып, камуфляж киген адамдар бейбіт тұрғындарға оқ жаудырды. Содан кейін бірнеше ел қауіпсіздікті күшейтті. Қырғызстан ІІМ ел астанасындағы сауда орталықтары мен ойын-сауық кешендерінің иелерін, әкімшілерін, сондай-ақ жеке күзет компанияларының өкілдерін азаматтар көп демалатын жерлерде сақ болуға және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірлесіп күш салуға шақырды. Ал француз үкіметі ұлттық террорлық дабыл жүйесінің ең жоғары деңгейін іске қосу туралы шешім шығарды. Осы орайда көші-қондағы қауіпсіздікке қатысты сұрақ туындайды. Бұл туралы иммиграциялық саясат және Еуразиядағы ұлттық бірегейлік саласында тәжірибесі бар маман, Назарбаев Университетінің саясаттану кафедрасының доценті Каресс Шенк былай пікір білдірді.

Көші-қонмен байланысты ең үлкен қауіп секьюритилендіру немесе көші-қонды ең алдымен қауіпсіздікке қатер ретінде қарастыру екенін бірден айта кетейін. Осыны маңызды нәрсе деп айтар едім. Мигранттарды қауіпсіздікке қатер төндіретін фактор ретінде қарастыру мигранттардың өз бетінше жасай алатын кез келген әрекетінен гөрі қауіпті жағдай тудыруы мүмкін, – деді Каресс Шенк.

Қазақстанға қанша адам келіп-кетіп жатыр?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2023 жылы сыртқы көші-қонның динамикасы былай болды – елге 25399 адам келіп, 16055 мың тұлға кеткен. Көші-қон айырымы 9344 адамды құрады. Ал, 2022 жылы елімізге 17425 адам келіп, 24147 кеткен. Яғни, былтыр елден кетушілерге қарағанда, келгендер көбейген. Миграция негізінен ТМД елдері мен Қытайдан келгендердің есебінен артқан. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 86,3%, осы елдерге кеткендердің үлесі 77,3% болды.

миграция
Инфографика: Kazinform

Ұлты бойынша: былтыр келгендердің басым бөлігі қазақтар – 39,3%, орыстар - 31,1%, өзбектер - 3,6%, украиндар - 3,1%, татарлар - 2,1%, немістер - 1,5%. Кеткендердің 62,6 пайызы орыстар, 6,6 пайызы қазақтар, 12,6 пайызы немістер, 6,7 пайызы украиндар, 2,2 пайызы татарлар, 0,7 пайызы өзбектер.

миграция
Инфографика: Kazinform

Қазақстан және Орталық Азия елдері арасындағы көші-қон

Ал, енді Орталық Азияға оралсақ, былтыр бұл аймақтың елдерінен Қазақстанға 9377 адам келіп, 385 адам кеткен. Көші-қон айырмашылығы 8992 адамды құрады.

Оның ішінде Қырғызстаннан келгендердің көбі шекаралас өңірлер Алматы қаласы (518 адам) мен Жамбыл облысында (125 адам) тіркелген. Өзбекстаннан келгендердің жартысынан көбі Маңғыстау (2378 адам) және Алматы облыстарында (1077 адам), Тәжікстаннан Алматы қаласы (289 адам) және Қарағанды облысына (91 адам) тіркелсе, сондай-ақ Түрікменстаннан келгендер Маңғыстау (849 адам) және Павлодар облысына (147 адам) қоныстанған.

миграция
Инфографика: Kazinform

Каресс Шенктің айтуынша, соңғы жылдары Орталық Азия азаматтары көбіне Ресейге, одан қалды Түркия, Оңтүстік Корея, Еуропа елдері мен Ұлыбританияға күнкөріс және жақсы жалақы үшін қоныс аударған.

Соңғы бірнеше онжылдықта Орталық Азиядан көші-қонның басым бөлігі Ресейге бағытталды. Бұл тығыз қарым-қатынасқа, Ресей экономикасының айтарлықтай күшті және жақын болуына байланысты. Соңғы бірнеше жылда (5+) біз аймақтардың әртараптанғанын байқадық. Көптеген мигрант жыл сайын Ресейге барады. Бірақ олар Түркияға, Оңтүстік Кореяға және соңғы кезде Еуропаға, оның ішінде Ұлыбританияға жиі бара бастады. Өзбекстан мен Қазақстан азаматтары үшін шетелге көшу – елдегіден гөрі жақсы жалақы төленетін жұмысқа тұрудың жолы. Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары үшін көші-қон өз елдерінің салыстырмалы түрде кедей экономикасы жағдайында өмір сүру стратегиясы болып саналады, – деп сипаттады сарапшы Орталық Азия мигранттарының мақсатын.

1 қаңтардан бастап Қазақстан шетелдіктерді тіркеу ережесін өзгертті

Жалпы елімізде Орталық Азия елдерінен келушілерге қатысты арнайы шектеу не талап жоқ. Тек биыл «migration.enbek.kz» порталы ашылды. Ол Қазақстанға келу мақсатына қарамастан шетелдік азаматтардың бірыңғай есебін, сондай-ақ көші-қон ағындарының мониторингі мен бақылауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделіп жатыр. Бұл арқылы мигрантты цифрлық сәйкестендіруге, қажет болған жағдайда сапардың мақсатына қарамастан нақты орналасқан жері мен қозғалысын бақылауға болады, – деп баяндаған болатын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев ОКҚ өткен брифингте.

Дегенмен ведомство басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Ресей Федерациясы, Моңғолия сияқты таяу шет елдермен қатар, «Ата жолы» картасын алуға АҚШ, Еуропалық Одақ елдерінің азаматтары – этникалық қазақтар да қызығушылық танытып жатыр.

Сондай-ақ, еңбек иммиграциясы бағыты бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға биыл 22 мың квота белгіленген. 2023 жылы коммерциялық секторда шетелдік жұмыс күшін тартуға 14 мыңға жуық рұқсат берілсе, 296 мың рұқсат қағаз еңбекші мигранттарға жеке тұлғалардың үйінде жұмыс істеуі үшін берілген. Бұл ел экономикасына әсер ететіні сөзсіз. Ал, зерттеуші Каресс Шенк бұл фактор тенденцияның немесе дамудың жалғыз себебі немесе салдары бола алмайды дейді.

Экономика мен қоғамға ықпал ету тұрғысынан алғанда, көші-қон әрине әсер етеді, бірақ ол ешқашан кез келген тенденцияның не дамудың жалғыз себебі немесе салдары емес. Ресейліктер жаппай қоныс аударғанда, Қазақстанда жалға алу бағасы шарықтап кетті, – деді Каресс Шенк.

Қорыта айтсақ, Мәскеудегі терактіден кейін әлем елдерінде Орталық Азия мигранттарына деген көзқарас өзгерді және олар қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Бірақ Қазақстанда әзірге бұл елден келгендерге қатысты қандай да бір шектеу қойылған жоқ.

Біз мигранттардың Ресейге саяси себептермен (мысалы, заңды мәртебе алу қиын), моральдық себептермен бармауын тоқтата ма, жоқ па, соны білуге ​​тырысамыз, өйткені олар көбірек ақша таба алады. Дегенмен, Орталық Азиядан Ресейге көшу арналары сенімді болып қала береді. Алайда, лаңкестік әрекеттен кейін Ресейдің мигранттарды қудалауына жауап ретінде біз, өкінішке қарай, бүкіл аймақта секьюритилизацияның күшеюін көріп отырмыз. Мысалы, жақында Түркия тәжіктердің визасыз кіруінен бас тартты, – деді Каресс Шенк.

Соңғы жаңалықтар