Елорда ардагерлері елі үшін жанын қиған майдандас достарын еске алды

АСТАНА. 7 мамыр. ҚазАқпарат - Ардагерлер Астанадағы «Ақмола сарбаздары» ескерткішінде болып, бір минуттық үнсіздікпен елі үшін жанын қиған майдандас достарын еске алды.
None
None

1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде қайтыс болған жауынгерлерді еске алу митингісіне қарт ардагерлер ғана емес, елорда тұрғындары да көптеп жиналды. Олар қан майданда ажал құшқан сарбаздардың құрметіне гүл шоқтары қойып, рухтарына тағзым етті. 

Салтанатты рәсімнен кейін ардагерлер Астанадағы колледж бен мектеп оқушылары ұсынған концерттік бағдарламаларынан майдан әндері мен билерін тамашалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ардагерлердің өмірлік тәжірибесі, майдандағы достықтары - кейінгі жастарға үлгі. Мұндай шаралардың, әсіресе, жастар үшін өнегесі зор.

Қазіргі уақытта елордада 359 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Олардың барлығы баспанамен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік көмек алуда. Елорда әкімдігі биыл мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне бір реттік жәрдемақы ретінде 150 мың теңгеден беруді жоспарлауда. Бұл күндері мекеме-кәсіпорындар, ұйымдар да өз майдангерлеріне құрмет көрсетіп, тарту-таралғыларын ұсынуда.

Соңғы жаңалықтар