Елорда аулаларындағы заңсыз шлагбаумдар мен бетон бөгеттер тексеріліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында арнайы қызмет көліктерінің қозғалысына кедергі келтіретін заңсыз бөгеттерге қарсы профилактикалық рейд өтті.
Іс-шараның басты мақсаты — өрт сөндіру, жедел жәрдем және полиция көліктерінің төтенше жағдай кезінде оқиға орнына кедергісіз әрі уақытылы жетуін қамтамасыз ету.
Рейдті Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, прокуратура, Полиция департаменті және қала әкімдігімен бірлесіп өткізді. Мамандар аулаларды аралап, заңсыз орнатылған бетон блоктарды, шынжырларды, шлагбаумдарды және арнайы техниканың жүруіне кедергі келтіретін өзге де тосқауылдардың бар-жоғын тексерді. Мемлекеттік қызметтер өкілдерінің айтуынша, заңбұзушылықтар бойынша оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес жою шаралары қабылданады.
— Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мұндай рейдтік іс-шараларды жүйелі түрде өткізеді. Бұл рейдтер прокуратура, ішкі істер органдары және әкімдік өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырылады. Рейдтердің негізгі мақсаты — өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуының алдын алу, анықталған заңбұзушылықтарды жою. Сондай-ақ тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіру. Осыған байланысты рейд барысында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға жол бермеу қажеттігі кеңінен насихатталады, — деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Өміржан Тұқышев.
Мамандардың айтуынша, көп жағдайда тұрғындар көлік қою орындарын сақтап қалу немесе бөгде көліктердің кіруін шектеу үшін әртүрлі кедергілер орнатады. Алайда мұндай әрекеттер төтенше жағдай кезінде санаулы минуттың өзін шешуші факторға айналдырып, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.